Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 60 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

13 сағат бұрын

«Бәсекеге дайынмын»: жастар арасында топ жарған Темірлан Мұқатаев алдағы жоспары туралы айтты

«Бәсекеге дайынмын»: жастар арасында топ жарған Темірлан Мұқатаев алдағы жоспары туралы айтты

©instagram.com/muqatayev/

Осыдан бірер күн бұрын ғана 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған боксшы Темірлан Мұқатаевпен әңгімеміз оның осы жеңісінен басталды. Жас спортшы үшін бұл жарыс тек кезекті дода емес, үлкен мүмкіндіктің есігін ашқан кезең болды.

– Темірлан, ең алдымен жеңісіңіз құтты болсын. Бұл чемпионат сіз үшін қаншалықты маңызды болды?

– Рақмет! Бұл жарыстың мен үшін орны бөлек. Себебі бұл – 23 жасқа дейінгі санаттағы менің соңғы жылым. Осы мүмкіндікті толық пайдалану керек болды.

«Семейдегі жеңіліс үлкен сабақ болды»

– Өзіңіз ересектер арасында бақ сынап жүрдіңіз, сөйте тұра неліктен жастарға қайта келдіңіз?

– Бұл жерде жағдай сәл басқаша. Былтыр Семейде өткен Қазақстан чемпионатында күтпеген жерден жеңіліп қалдым. Көпшілік үшін бұл сенсация болды. Әйтпесе оның алдында Спартакиадада топ жардым. Тіпті Азия чемпионатында үздік шыққанмын.

Өздеріңіз білетіндей, ұлттық құрамада нақты жүйе бар: халықаралық жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына ел біріншілігінде бірінші және екінші орын алған боксшылар ғана шақыртылады. Ал мен сол жарыстан кейін біраз уақыт негізгі құрамнан тыс қалдым.

Сол кезде бапкерлерім « 23 жасқа дейінгі санатта бақ сынап көр, егер осы жерде жеңсең, Азия чемпионатына жол ашылады» деп кеңес берді. Оның үстіне бұл – менің осы жас санатындағы соңғы жылым. Келесі жылдан бастап толықтай ересектер арасында ғана өнер көрсете аламын.

– Рас, былтырғы ел біріншілігінде сіздің жеңілісіңіз біраз талқыланғаны рас. «Жеңісіңіз ұрланды» деп жазғандар болды. Сол мәселе қалай шешілді?

– Түрлі пікірлер жазылды, бірақ төреші қарсыластың қолын көтерген соң, жеңіс соған берілді. Кімнің жеңімпаз атанғанына қатысты пікір білдіргім келмейді, бірақ іштей жеңілмегенімді сеземін.

Салмақ мәселесі және бәсеке

– Қазір сіз өнер көрсететін салмақта бәсеке күшейіп келеді. Бұған қаншалықты дайынсыз?

– Иә, расында да, 90 келіде өте мықты боксшылар бар. Оның үстіне бұл – олимпиадалық салмақ. Сондықтан алдағы жылдары бәсеке одан әрі күшейеді.

Қазір көптеген боксшылар, соның ішінде Нұрбек Оралбай да осы салмаққа ауысып жатыр. Сағындық Тоғамбай секілді мықтылар да бар. Өйткені барлығы Олимпиада жолдамасына таласады. Меніңше, жалпы қай салмақта болсын бәсеке жоғары болатыны сөзсіз. Өйткені алдағы ойындарда жеті салмақ қана болады деп айтылған. Сондықтан бәсекеден қорықпаймын.

Сондықтан әзірге 85 келіге қайта түсу туралы шешім қабылдадым. Себебі соңғы рет 90 келіде шыққанда салмағым толық жетпеді. Негізі 90 келіде сен бәсекеге қабілетті болу үшін кемінде 93-94 келі тартуың керек. Ал менің табиғи салмағым оған толық сәйкес келмейді.

Сондықтан өзімнің физиологиялық мүмкіндігімді ескере отырып, 85 келіде өнер көрсеткенім дұрыс деп шештім.

– Лос-Андежелске бару мүмкіндігі қалай болмақ?

– Қай кезде де үміт бар. Маған алдымен өз салмағымда мықтылығымды дәлелдеуім керек. Алда жастар арасындағы Азия біріншілігіне қатысамын. Сонан соң ересектер арасында Қазақстан біріншілігі күтіп тұр. Ол жақта да бақ сынап, жеңіске жетуге тырысамын.