3 сағат бұрын
«Жеңдім деп ойлағанмын»: әділетсіздікке тап болған Мұхаммедсабыр Базарбайұлы шындықты айтты
GOV.KZ
Бразилияда бокстан өткен Әлем кубогында даулы шешімнің құрбаны болған қазақстандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жекпе-жекке қатысты өз ойын ашық айтты. Оның сөзінше, рингтегі басымдық өз жағында болғанын өзі де, бапкерлері де анық сезген.
«Жекпе-жек барысында өзімнің басым түсіп жатқанымды біліп тұрдым. Екі раундтан кейін де бапкерлерім «алдасың» деп айтып отырды. Іштей де жеңіске жеткеніме сенімді болдым. Бірақ төрешілер шешімі басқа болды. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегендей, қарсыластың қолын көтерген соң, қазір айтқан сөздің бәрі бекер», – дейді боксшы.
Шыны керек, төрешілердің шешімі неліктен мұндай болғанын мамандар да, жанкүйерлер де түсінген жоқ. Қарсыласының қолы көтерілген сәтте қандай сезімде болғанын Мұхаммедсабырдың өзінен сұрадық.
«Қарсыластың қолын көтергенде аң-таң болдым. Не болғанын түсінбей қалдық. Сонан соң құдды жанымды ойрандап кеткендей күй кештім. Бірақ амал жоқ, көнесің», – дейді ол.
Шағым түсірілді, төрешілер шеттетілді
Даулы жекпе-жектен кейін Қазақстан тарапы бірден наразылық білдірді. Боксшының айтуынша, федерация өкілдері мен Геннадий Головкиннің өзі араласып, ресми шағым түсірілген.
«Біздің тарап шағым түсірді. Сол жерде Геннадий Головкиннің өзі де болды. Кейін үш төреші жарыстан шеттетілді деп айтты. Бірақ бұл бәрібір нәтижеге әсер етпейді ғой. Жалпы, мұндай жайттарға төрешілердің тәжірибесінің аздығы себеп деп ойлаймын. Себебі мұндай ірі жарыстарда біліктілік өте маңызды», – дейді Мұхаммедсабыр.
Жаңа салмақтағы алғашқы жарыс
Мұхаммедсабыр қазіргі уақытта жаңа салмақ дәрежесіне бейімделіп жатыр. Бұған дейін 70 келіде өнер көрсеткен ол қазір 65 келіге түскен.
«Қазір 65 келіде жұдырықтасып жүрмін. Бұл салмақ өзіме ыңғайлы. Бразилиядағы Әлем кубогында осы салмақта бақ сынадым. Бұрын да осы салмақта өнер көрсеткенмін. Қазір өзімді жақсы сезінемін», – дейді ол.
Оның айтуынша, жарысқа дайындық жоғары деңгейде өткен.
«Даярлық жақсы болды. Алматыда толыққанды жаттығу жиындарын өткіздік. Бабымда бардым деп айта аламын», – дейді боксшы.
«Жеңіс ешқашан оңай келген емес»
Бұл жағдай боксшының психологиялық жағдайына да әсер еткені анық. Дегенмен ол мұндай сынақтарға дайын екенін айтады. Естеріңізде болса, Базарбайұлының Париж Олимпиадасындағы айқасының нәтижесі де қызу талқыланып, көпшілік төрешілердің әрекетін сынаған болатын. Осы орайда боксшыдан қиын-қыстау кезеңдерден қалай өтетінін сұрадық.
«Мен үшін ештеңе оңай келген жоқ. Әр жетістік қиындықпен келеді. Осындай жағдайлар арқылы шыңдаламыз деп ойлаймын. Әр қиындықтың артында бір жеңілдік бар деп сенемін және сол сенім мені алға жетелеп отырады», – дейді спортшы.
Қазіргі таңда нақты қай жарысқа қатысатыны белгісіз. Барлығы алдағы оқу-жаттығу жиындарынан кейін анықталады.
«Алдағы уақытта қай жарысқа қатысатынымызды бас бапкер айтады. Мамыр айының ортасында Шымкентте оқу-жаттығу жиындары басталады, әрі қарай жоспар сол жақта шешіледі», – дейді ол.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан