4 күн бұрын
Түркістанда Мұхтархан Ділдәбековтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир басталды
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев осы турнирге қатысқан. Мықтылардың барлығы бір сәтте шыға қалған жоқ. Жетістікке жеткен боксшылар ауыл, аудан, облыс деңгейіндегі турнирдің барлық сатысынан өткен. Балаларға қолдау көрсетсек, олардың да деңгейі жоғарлай бермек, – деді Мұхтархан Ділдәбеков.
Биылғы турнирге Қазақстанның 10 өңірінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан, елдерінен келген 13 команда сапында 150-ге жуық жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.
Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына іріктеу және шеберліктерін шыңдау.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан