5 сағат бұрын
Төрехан Сабырхан карьерасындағы ең қиын қарсыласынан құтылды
Коллаж: sport12.kz
Ұлыбританиялық боксшы Одел Камара әуесқой бокстағы мансабын аяқтап, кәсіби рингке бет бұруға шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлыбритания бокс федерациясы ресми түрде хабарлады.
Федерация мәліметінше, Камара енді ұлттық құраманың World Class Programme элиталық даярлық бағдарламасына қатыспайды.
«Ұлыбритания бокс федерациясы Одел Камараның World Class Programme бағдарламасынан кеткенін растайды. Енді ол Шеффилдтегі Англия спорт институтында ұлттық құрама сапында жаттықпайды және мансабын өз қалауымен басқа бағытта жалғастыра алады», – делінген ресми хабарламада.
Ұлыбритания құрамасының спорттық дайындық жөніндегі директоры Роб Маккракен де боксшының болашағына сәттілік тіледі.
«Одел – өте қабілетті боксшы. Ол Ливерпульдегі әлем чемпионатында өзін жақсы көрсетіп, жүлдеге ие болды. Алайда ол ұлттық құрамадан кетіп, мансабын жаңа бағытта жалғастыруды таңдады», – деді Маккракен.
Еске салсақ, Камара 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді. Жартылай финалда ол Қазақстан құрамасының көшбасшысы Төрехан Сабырханмен кездесіп, төрешілердің бөлек шешімімен жеңіліс тапқан болатын.
70 келіге дейінгі салмақта өткен тартысты кездесуде Сабырхан 4:1 есебімен жеңіске жетіп, кейін әлем чемпионы атанды.
Бұл жекпе-жек Төреханның мансабындағы ең ауыр сынақтардың бірі болды. Бұған дейін қазақстандық боксшы сұхбаттарының бірінде дәл Одел Камараны карьерасындағы ең қиын қарсылас ретінде атаған еді.
«Одел Камара менің карьерамдағы ең күрделі қарсылас болды. Сол жекпе-жек алдында алғаш рет ерекше қобалжыдым», – деген болатын Төрехан Сабырхан.
Ливерпульдегі әлем чемпионатынан кейін британдық боксшыға Ұлыбритания мен АҚШ-тың бірқатар промоутерлік компаниялары қызығушылық танытқаны белгілі болды. БАҚ мәліметінше, оған кәсіпқой бокста ірі келісімшарттар ұсынылған.
Осыған байланысты Камараның ұлттық құрамадан кетуі оның жақын арада кәсіби рингте өнер көрсету жоспары бар екенін аңғартады. Егер бұл шешім ресми түрде расталса, Төрехан Сабырханның ең мықты қарсыластарының бірі енді кәсіпқой бокста өз бағын сынамақ.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан