Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 70 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

3 сағат бұрын

Айбек Оралбай ауыр салмақта әлемдік жұлдызға айналуы мүмкін – Сәкен Бибосынов

Айбек Оралбай ауыр салмақта әлемдік жұлдызға айналуы мүмкін – Сәкен Бибосынов

Бүгін Қытайда Әлем кубогы мәресіне жетіп, Қазақстан құрамасы бес алтын медаль жеңіп алды. Осы орайда біз жеңіл салмақтағы тәжірибелі боксшыларымыздың бірі Сәкен Бибосыновқа хабарласып, командалас әріптестерінің өнері, Азия ойындарына кімнің баратыны туралы сөйлестік.

– Сәкен, Қытайда бокстан әлем кубогы аяқталды. Қазақстан құрамасының өнерін көрдіңіз бе? Нәтижеге қаншалықты көңіліңіз толды?

– Бір-екі жекпе-жекті көре алмай қалдым. Бірақ жалпы құраманың өнерін бақылап отырдық. Жігіттер де, қыздар да жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Қарсыластардың барлығы осал болған жоқ, әлемнің үздік боксшылары жиналған жарыс қой. Әлем кубогының екінші кезеңі болғандықтан бәсеке де өте жоғары деңгейде өтті.

Жалпы бес алтын медаль жеңіп алдық: ерлер құрамасы үш алтын, қыздарымыз екі алтын иеленді. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Бірақ ұлттық құраманың бапкерлер штабы оның бәрін саралап, алдағы Азия ойындарына бұдан да жақсы дайындықпен барады деп сенемін.

– Сіздің көңіліңізден ерекше шыққан боксшылар кімдер болды?

– Ең алдымен Сабыржан Аққалықовтың өнерін атап өткім келеді. Өкінішке қарай, оның жекпе-жегінде төрешілер жеңісті қарсыласқа беріп жіберді. Өз басым сол шешімге қатты қынжылдым.

Бұл оның жаңа олимпиадалық 80 келі салмағындағы алғашқы ірі жарыстарының бірі еді. Соған қарамастан ол осы салмақтағы әлем чемпионы әрі рейтинг көшбасшыларының бірін сенімді түрде жеңді. Бірақ төрешілердің көзқарасы басқаша болды.

Сондай-ақ Санжар Тәшкенбай да жақсы әсер қалдырды. Азия чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін ол да үлкен жұмыс атқарғанын көрсетті. Нәтижесінде алтын медаль жеңіп алды.

Абылайхан Жүсіповті де ерекше атап өткен жөн. Ол әлем чемпионатынан кейін алғаш рет рингке шықты. Жақсы демалып, тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Формасы жақсы, шаршаңқылық жоқ. Мықты қарсыластардың барлығын сенімді жеңіп өтті.

Ал капитанымыз Айбек Оралбай нағыз көшбасшыға тән өнер көрсетті. Қазіргі таңда оның жекпе-жектері өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Соққылары да әсерлі, қарсыластарынан айқын басым түсіп келеді.

– Айбек Оралбайды болашақта ауыр салмақтағы әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың қатарына қосылуы мүмкін бе?

– Әрине. Айбек – әлем чемпионы. Алда Азия ойындары мен Олимпиада бар. Өз басым қазіргі таңда әуесқой бокста Айбекке тең келетін қарсылас өте аз деп есептеймін. Ол көп қарсыласынан бір бас жоғары тұр.

– Биыл ұлттық құраманың бас бапкері ауысты. Нұржан Смановтың келуімен қандай өзгерістер байқалды?

– Өзім оқу-жаттығу жиындарында бірге болдым. Өзгерістер анық байқалады. Боксшылар жарыс алдында бұрынғыдай қатты шаршамай, жақсы формада келеді.

Жаттығу үдерісі де өзгерген. Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан секілді елдермен бірлескен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып жатыр. Бұл тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді.

Нұржан ағай әр спортшымен жеке жұмыс істейді, әрқайсысына ерекше көңіл бөледі. Боксшыларды артық қыспай, бабында алып келуге мән береді. Осы тұрғыдан алғанда оның жұмысы жақсы нәтиже беріп жатыр деп ойлаймын.

– Санжар Тәшкенбай Азия чемпионатынан кейін сынның астында қалды. Сол кезде оған не жетіспеді деп ойлайсыз?

– Спортта жеңіс те, жеңіліс те болады. Меніңше, сол жарыста Санжар өз бабына толық келе алмады. Бәлкім бағы да жанбаған шығар.

Ол үндістандық мықты боксшыға жол берді. Өзім сол жекпе-жекті көрдім. Қарсыласы да өте жақсы деңгейдегі спортшы еді. Кейде спортшыға мұндай жеңілістер де қажет. Санжар сол сәтсіздіктен кейін қорытынды жасап, қазір әлдеқайда жақсы өнер көрсетіп жүр.

– Төрешілік мәселесі тағы да қызу талқыға түсті. Бұл тұрғыда қандай пікір айтасыз?

– Қазір көпшілік World Boxing пен IBA ұйымдарын салыстырып жатады. Бірақ төрешілердің басым бөлігі бәрібір бұрыннан келе жатқан мамандар. Сондықтан төрешілік мәселесі бір күнде шешіле қоймайды.

Әлем бойынша бұл мәселе көтеріліп жатыр. Болашақта World Boxing басшылығы, оның ішінде Геннадий Головкин бастаған команда бұл бағытта нақты жұмыстар атқарады деп ойлаймын.

– Алдағы Азия ойындарында ерлер арасында алты ғана салмақ дәрежесі болады. Құраманың нақты кімдерден жасақталатыны қалай анықталады?

– Бұл мәселені ұлттық құраманың бас бапкері, Қазақстан бокс федерациясы және спорт саласының басшылығы бірге шешеді. Кімнің бабында екенін, кімнің дайындығы жақсы екенін саралайды.

– Жанкүйерлер әсіресе жеңіл салмақта спарринг өткізу керек деген пікірде...

– Бәрін бапкерлер шешеді. Кей жағдайда спарринг өткізіледі, кей жағдайда оқу-жаттығу жиындары мен жарыстардағы нәтижелерге қарап шешім қабылданады. Жеңіл салмақ 55 келіден басталады, ал Санжардың салмағы сәл төмендеу. Сондықтан бұл салмақта бірінші нөмірлі боксшы – Махмұд Сабырхан. Дегенмен сары құрлықтың басты додасына ең мықты әрі дайын тұрған боксшы барады деп ойлаймын.

– Махмұд Сабырханның қазіргі бабын қалай бағалайсыз?

– Азия чемпионатында жеңіліп қалды, бірақ нашар өнер көрсетті деп айта алмаймын. Қателіктермен жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Қытайдағы әлем кубогына қатысқан жоқ, қазір демалып, дайындық жүргізуде. Жалпы жағдайы жақсы деп есептеймін.

– Ал өзіңіз әлем кубогына неге қатыспадыңыз?

– Мен ұлттық құрамадан уақытша сұранып, кәсіби боксқа қатысты жоспарларыма дайындалып жүрген едім. Өкінішке қарай, сол жоспарларым жүзеге аспай қалды. Себебі белгілі бір себептерге байланысты айқас өтпей қалды. Бірақ қазір жаттығуды жалғастырып, алдағы жарыстарға дайындалып жатырмын.

– Өткен жылы әлем чемпионы атандыңыз. Содан кейін ірі халықаралық жарыстарда көрінбей кеттіңіз. Қазіргі жағдайыңыз қалай?

– Иә, кәсіби бокстағы жоспарларымның кейінге шегерілуіне байланысты біраз өзгерістер болды. Соған қарамастан жаттығуды тоқтатқан жоқпын. Жақында Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу турниріне қатысып, өз мүмкіндігімді сынап көрдім. Ол жарыста үш кездесу өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетіп, чемпион атандым.

Одан кейін Қытайдағы әлем кубогы қарсаңында өткен бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Сол жерде өз деңгейімді, физикалық дайындығымды тексердім. Бапкерлер де бағасын берді. Қазір бабым жақсы, шаршаңқылық жоқ. Жалпы жағдайыма көңілім толады.

– Соңғы жылдары Азияда Қазақстан мен Өзбекстаннан бөлек Үндістан құрамасының да деңгейі айтарлықтай өсті. Бұл туралы не айтасыз?

– Иә, Үндістан құрамасы соңғы уақытта өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Олардың қазіргі буыны мықты. Меніңше, дәл осы құрамды Олимпиадаға дейін сақтап, халықаралық жарыстарға тұрақты қатыстырып, тәжірибе жинақтатуға күш салып жатыр.

Бұдан бөлек, АҚШ құрамасы да өте жақсы әсер қалдырып жүр. Құрамаларында мықты боксшылар көп. Бразилияның да деңгейі өсіп келеді. Англия құрамасы да жақсы өнер көрсетіп жатыр.

Жалпы бүгінде бокс әлемнің барлық өңірінде қарқынды дамуда. Қазір кез келген елден мықты боксшы шығуы мүмкін. Тіпті бұрын көзге түсе бермейтін мемлекеттердің өзінде белгілі бір салмақта өте мықты спортшылар пайда болып жатыр.

– Санжар Тәшкенбайға қайта оралсақ. Ол финалдағы өзбекстандық қарсыласын қатарынан үшінші рет жеңді. Бұл текетірес туралы не ойлайсыз?

– Иә, Санжар өзбекстандық қарсыласын үшінші рет жеңіп отыр. Бірақ бұл жеңістер оңай келді деп айтуға болмайды. Өзбекстанда да бұл салмақта мықты боксшылар жеткілікті.

Дегенмен қазіргі таңда 50 келіге дейінгі салмақта Өзбекстанның бірінші нөмірлі боксшысы – Асилбек Жалилов. Ол әлем кубоктарында да, Азия чемпионаттарында да жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшы.

Санжардың соңғы жеңісіне келсек, бұл жерде оның тактикалық дайындығы шешуші рөл атқарды деп ойлаймын. Ол жекпе-жек жоспарын дұрыс құрып, қарсыласының әлсіз тұстарын тиімді пайдалана білді. Сондықтан жеңіске жетті.

Жалпы бұл салмақтағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бәсекелестік алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймын. Екі елде де өте мықты боксшылар өсіп келеді.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан