6 сағат бұрын
Азия ойындарына кім барса да, ол шешімді құрметтеу керек – Абылайхан Жүсіпов
ҚР ҰОК
Қазақстан құрамасының тәжірибелі боксшысы Абылайхан Жүсіпов Қытайда өткен Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алып, жанкүйерлерді қуантты.
урнирден кейін боксшы жарыстың деңгейі, алдағы Азия ойындарына іріктеу және ұлттық құраманың қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді.
– Абылайхан, Әлем кубогындағы жеңіс құтты болсын! Турнир деңгейі қалай болды?
– Рахмет! Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Тіпті оны шағын әлем чемпионатына теңеуге болады. Себебі қатысқан қарсыластардың бәрі әлемдік рейтингтегі мықты боксшылар болды.
Мен жарыста төрт жекпе-жек өткіздім. Алғашқы кездесуде Бразилия өкілімен қолғап түйістірдім. Кейін өзбекстандық боксшымен кездестім. Екеуін де сырттай білетінмін, бірақ бұған дейін ресми кездесуде жолымыз түспеген еді. Әлем кубогының алдында Түркістан облысында өткен бірлескен оқу-жаттығу жиынында өзбек боксшысымен спарринг өткізіп, оның стилін жақсырақ зерттеуге мүмкіндік алғанбыз. Оның пайдасы тиді деп ойлаймын.
Жартылай финалда бұрыннан танитын иорданиялық қарсыласыммен шықтым. Ол – менің құрдасым, көптен бері халықаралық жарыстарда кездесіп жүрген боксшы. Бірақ осы уақытқа дейін ешбір турнирде бір-бірімізге қарсы шықпаған едік. Ал финалда Үндістан боксшысын жеңдім.
– Қазақстандағы басты қарсыластарыңыздың бірі Төрехан Сабырхан жеңісіңізден кейін арнайы құттықтау жариялады. Көрдіңіз бе?
– Иә, көрдім. Құттықтауын жақсы қабылдадым. Рақметімді айтып жауап бердім.
– Алда Азия ойындары келе жатыр. Жанкүйерлерді қызықтыратын басты сұрақтардың бірі – осы жарысқа кім барады? Бұл мәселе қалай шешілуі керек деп ойлайсыз?
– Меніңше, ұлттық құраманың бас бапкері мен бапкерлер штабы қабылдаған шешім әділетті болады. Олар спортшылардың қазіргі бабын, дайындығын, нәтижелерін жақсы біледі.
Біз спортшымыз, ал мұндай шешімдерді федерация мен бапкерлер құрамы қабылдайды. Қай боксшының мүмкіндігі жоғары болса, сол жігітке сенім артады деп ойлаймын. Кімді таңдаса да, ешқандай өкпе-реніш болмауы керек.
– Кейбір мамандар Азия ойындары алдында спарринг өткізу керек деген пікір айтып жүр...
– Ол жағын бапкерлер шешеді. Егер қажет деп тапса, спарринг те ұйымдастырылады. Бірақ нақты қандай жол таңдалатынын бапкерлер штабы анықтайды.
– Былтыр Астанада өткен Әлем кубогынан кейін сіздің спорттық жолыңызда көп нәрсе өзгергендей көрінеді. Сол кездегі жарақат кейінгі нәтижелеріңізге әсер етті ме?
– Кез келген жеңіс пен жеңілістен сабақ аласың. Астанадағы турнирде жарақат алғандықтан жарысты жалғастыра алмадым. Бірақ оны жеңіліс деп есептемеймін. Ол кезде дәрігерлердің шешімімен тоқтауға мәжбүр болдық.
Содан бері тәжірибе жинақталып, дайындық күшейді. Жыл өткен сайын бабымыз жақсарып келеді.
– Сабыржан Аққалықов пен өзбекстандық боксшы арасындағы жекпе-жек төрешілік мәселесіне байланысты көп талқыланды. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Бұл мәселеге қатысты нақты пікір айтқым келмейді. Қазақстан халқы боксты жақсы түсінеді. Әркім өз көзімен көріп, өз бағасын береді. Сондықтан оны жанкүйерлер мен мамандардың еншісіне қалдырған дұрыс.
– Кейбір сарапшылар Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының жиі бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуі кейін ресми жарыстарда психологиялық тұрғыдан әсер етеді деп жүр...
– Мен олай ойламаймын. Керісінше, оның пайдасы көп.
Мысалы, осы Әлем кубогында өзбек боксшысымен кездестім. Біз оқу-жаттығу жиынында бірге спарринг өткіздік. Сол спаррингтердің видеосын қарап, қарсыластың осал тұстарын зерттедік. Нәтижесінде жекпе-жекке жақсы дайындалдық.
Қарсыласыңды жақсы біліп шығу әрқашан тиімді. Сондықтан мұндай жиындардың пайдасы көбірек деп есептеймін.
– 70 келіде Жапонияның мықты боксшысы Окадзава бар. Ертең Азия ойындарында жолдарыңыз түсуі мүмкін. Оған қарсы арнайы жоспар бар ма?
– Қазір бокста әлсіз қарсылас жоқ. Оның үстіне сіз айтып отырған Окадзава бұл турнирде алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Демек, бұдан да мықты спортшылар бар.
Әр қарсыласқа жеке тактика дайындалады. Сондықтан кез келген боксшыға арнайы жоспармен шығамыз.
– Енді алдағы жоспарыңыз қандай?
– Қазір аздап демалып, отбасымның жанында боламын. Бізге келесі айдың басына дейін демалыс берілді.
Одан кейін АҚШ-та өтетін оқу-жаттығу жиындары бар. Сондай-ақ Түркия, Корея және Жапонияда да дайындық кезеңдері жоспарланған. Әсіресе Азия ойындарының алдында Жапониядағы жиын маңызды болмақ.
– Әлем чемпионатын көріп жүрсіз бе? Жанкүйерлік ететін құрамаңыз бар ма?
– Шынымды айтсам, футболды қатты қадағаламаймын. Кейде маңызды матчтарды көремін, бірақ жанкүйерлік деңгейде емес.
– Геннадий Головкинмен кездесіп, суретке түстіңіздер. Ол кісімен әңгімелесу мүмкіндігі болды ма?
– Иә, болды. Геннадий Геннадьевич Әлем кубогына арнайы келіп, ұлттық құрамамен кездесті. Әр спортшымен жеке сөйлесіп, өзінің тәжірибесімен бөлісті.
Ол біздің күшті және әлсіз тұстарымызға тоқталып, пайдалы кеңестер айтты. Мұндай деңгейдегі спортшының ақыл-кеңесін тыңдау – үлкен мотивация. Сондықтан оған барлық боксшылардың атынан алғысымды білдіремін.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан