Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 70 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

2 күн бұрын

«Ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтатқым келеді» — Виктория Графеева

«Ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтатқым келеді» — Виктория Графеева

Фото:ҚБФ

Бокстан Қытайда өткен әлем кубогінде Виктория Графеева 60 келіде ел намысын қорғап, алтын жүлде жеңіп алды. Ол ақтық сында Париж Олимпиадасының чемпионы Тайбэй өкілі Линь Юй-Тинді тізе бүктірді. Бұл жарыстың басты сенсациясы болды. Осы жарқын жеңісінен кейін Виктория Графееваға хабарласып, экслюзивті сұхбат алдық.

Виктория, финалда сенсация жасап, Париж Олимпиадасының чемпионы Линь Юй-Тинді жеңдіңіз. Жалпы мұндай нәтижені күттіңіз бе? Қарсыласыңыздың осал тұсын қалай таптыңыз?

- Финалда менің қарсыласым Қытай Тайбэйінен келген Олимпиада чемпионы Линь Юй-Тин болды. Ол – өте тәжірибелі әрі мықты боксшы. Өткен Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған. Оның осындай атақ-абыройы төрешілердің бағасына белгілі бір дәрежеде әсер еткен болуы мүмкін. Дегенмен мен қарсыласымнан именген жоқпын. Жаттығу жиындарында тыңғылықты дайындалғанымды білдім. Сондықтан өз шеберлігіме де, күш-қуатыма да сенімді болып, жеңіске жетуге толық мүмкіндігім бар екеніне күмән келтірмедім. Алғашқы раундттағы төрешілердің шешімі көңілге қаяу түсірді. Себебі менің пайымдауымша, төрелік толық әділ болмады. Бұл жекпе-жекте Линь Юй-Тиннің басымдығы анық байқалды деу қиын. Кездесу тең дәрежеде өтті. Өйткені ол – осал емес, айласы мен қарымы қатар ұштасқан өте мықты қарсылас. Менің ойымша, мұндай тартысты жекпе-жектер де баға бергенде әділдік бәрінен жоғары тұруы керек. Себебі бұл – спорт, бұл – бокс. Ал жекпе-жектің тағдырын көп жағдайда төрешілердің шешімі айқындайды.

Осы Олимпиада чемпионымен болған финалдық жекпе-жек туралы кеңінен айтып кетіңізші… Қалай болды?

- Жекпе-жек алдындағы өзімді сабырлы әрі байыпты ұстауға тырыстым. Себебі қарсыласым – тәжірибесі мол, көптеген атақтары мен жетістіктері бар спортшы еді. Сондықтан бұл жекпе-жеккке ерекше жауапкершілікпен қарап, барынша тыңғылықты дайындалдым. Біз бір алаңда дене қыздыру жаттығуын жасадық. Әрине, толқу болды. Мұндай сәтті кез келген спортшы маңызды жекпе-жек алдында сезінеді деп ойлаймын. Қарсыласым да дәл сондай күйде болғанында күмәнім жоқ. Дегенмен толқуды жеңіп, шешуші сәтте жинақтала білу – тәжірибелі спортшының басты қасиеттерінің бірі. Ал тактикаға келсек, біз ашық әрі белсенді жұмыс істеуді таңдадық. Мұндай деңгейдегі қарсыласқа қарсы екінші нөмір болып қана жұдырықтасу жеткіліксіз екенін түсініп, әуел бастан-ақ өз қарқынымызды жүргізіп, үнемі қысым көрсетуге тырыстым.

Бұл жарысқа дайындық қалай өтті? Ұзақ уақытқа созылатын оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар психологиялық тұрғыдан қаншалықты әсер етеді?

Турнирге дайындық ұзаққа созылд. Соған сай оң жемісін берді деп ойлаймын. Әлем кубогінің алғашқы кезеңінен кейін қалпына келуге бар болғаны бес күн ғана уақыт берілді. Одан кейін біз бірден Алматы облысындағы Алексеевка ауылындағы оқу-жаттығу жиынына аттандық. Ол жерде бір ай бойы жалпы дене дайындығына басымдық берілді. Осы кезеңде төзімділік пен күшті арттырып, жарысқа қажет негізгі іргетас қаланды. Жиын аяқтала салысымен Қытайда өткен Әлем кубогіне жол жүрдік. Жарыстардың арасы тым қысқа болғандықтан, психологиялық жағынан да оңай болған жоқ. Мұндай қарқын толық зейінді талап етеді әрі ағзаға салмақ түсіреді. Соған қарамастан, біздің команда жұмысты өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Соның арқасында жарысқа бабымызда бардық. Жалпы, осы дайындық маған жарыста жақсы өнер көрсетіп, лайықты нәтиже көрсетуге мүмкіндік берді.

Соңғы әлем чемпионаттары мен ірі халықаралық жарыстарда алтын медаль бұйырмай жүрген кезеңдер болды. Сол сәттерде сағыңыз сынбай, өзіңізді қалай жігерлендірдіңіз?

- Спортшының жолы жеңіл болмайды. Ол жолда нешетүрлі қиындық пен жеңіс пен жеңіліспен де бетпе-бет келесің. Әлем біріншіліктерінде өнер көрсеткенде жеңіліп қаламын деп ойлаған емеспін, сондықтан әрбір жеңіліс жанға батады. Дегенмен уақыт өте келе мұндай сәттер адамды шыңдап, мінезді бекемдей түсетінін ұқтым.

Меніңше, чемпион деген – мүлде жеңілмейтін адам емес. Чемпион – сәтсіздіктен кейін еңсесін тіктеп, қателігін саралап, алға қарай жүре алатын жан. Дәл осы қасиет маған мойымауға, қандай қиындық болса да сүйікті ісімді жалғастыра беруге күш береді. Қиындықты еңсеру, өзіне деген сенімді сақтап қалу және мақсатына табандылықпен ұмтылу – нағыз спортшыға тән ең басты қасиеттердің бірі деп білемін.

Алдағы Азия ойындарына қатысасыз ба? Жалпы, ендігі басты мақсат, жоспарларыңыз қандай?

- Биыл мен үшін ең басты меже – Азия ойындары. Бұл Олимпиада жолындағы ең маңызды сындардың бірі. Азияның кіл мықтылары жиналатын бұл бәсекені құрлық деңгейіндегі Олимпиада деуге болады. Жарыс күзде, қыркүйек пен қазан айларында Жапонияда өтеді. Әрине, сол дүбірлі додада бақ сынағым келеді. Алайда ұлттық құраманың нақты тізімін жаттықтырушылар кеңесі анықтайды. Сондықтан қазір мен үшін ең маңыздысы – тынымсыз еңбек ету, жоғары нәтижелер көрсету және ел намысын сеніп тапсыруға лайық екенімді дәлелдеу.

Осы мүмкіндік бұйырады деп сенемін. Егер сенім артылса, үмітті ақтап, жоғары нәтиже көрсету үшін барымды саламын.

Геннадий Головкин жеңісіңізбен құттықтап, қолдау білдірді. Мұндай қолдау спортшы үшін қаншалықты маңызды? Жалпы, федерация мен ұлттық құраманың басшылығы тарапынан қолдауды сезінесіз бе?

- Әрине, федерация тарапынан көрсетілетін қолдаудың біз үшін орны бөлек. Басшылық өкілдері ірі жарыстарда үнемі қасымыздан табылып, өнерімізді жіті қадағалап, ақжарма тілегін білдіріп, бағыт-бағдар беріп отырады. Атқарған еңбегіміз бен қол жеткізген нәтижелеріміздің назардан тыс қалмайтынын сезіну – кез келген спортшы үшін үлкен демеу. Сондықтан спортшыларға көрсетіп жүрген қамқорлығы мен еңбегімізге берген әділ бағасы үшін, соның ішінде Геннадий Геннадьевичке де ризашылығымды білдіремін. Әр спортшы өз еңбегінің ел ішінде қалай бағаланып жатқанын білгісі келеді. Жанкүйерлердің ықыласы, мамандардың пікірі мен басшылықтың сенімі адамға ерекше жігер беріп, алға ұмтылуға қанаттандырады. Әуесқой бокс тек жекелеген жетістіктермен өлшенбейді. Бұл – халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, мемлекет абыройын асқақтатуға берілетін мүмкіндік. Сондықтан федерацияның қолдауы мен басшылықтың сенімі біз үшін әрдайым аса қымбат әрі жауапкершілігі зор.

Жарыстан кейін бетіңізден жарақат алғаныңызды айттыңыз. Спортшы ретінде мұндай жағдайларға үйренген шығарсыз, дегенмен қыз баласы ретінде сыртқы келбетке қатысты алаңдаушылық болмай ма? Бұл жағдайды қалай қабылдайсыз?

- Турнирден кейін денеде аздап көгерген жерлер мен сырылған іздер қалғаны рас. Бірақ бокс – жекпе-жек спорты, сондықтан мұндай жағдайлар жиі болады. Дегенмен мен боксты тым қауіпті спорт түрі деп санамаймын. Көп нәрсе спортшының дайындығы мен шеберлігіне байланысты. Оның үстіне сапалы қорғаныс құралдары ауыр жарақаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Әрине, рингке шыққан соң көгеру мен жеңіл жарақаттардан толықтай қашып құтылу қиын, өйткені бұл – үнемі бетпе-бет айқас жүретін спорт. Сондықтан мұндай нәрселерге қалыпты қараймын. Рас, қыз бала болған соң бетіңде көгерген іздердің болғаны көңіл күйді түсіретіні рас. Бірақ оның бәрі уақытша. Бірнеше күннен кейін жазылып, ізі қалмайды. Ең бастысы – осындай құрбандықтың бәрі қандай мақсат үшін екенін жақсы түсінемін. Әрбір көгерген із бен сырылған жер – төккен тердің, табандылықтың және тынымсыз еңбектің белгісі. Кейде сол іздерге қарап отырып, қандай жолдан өткеніңді, мақсатыңа жету үшін қаншама күш жұмсағаныңды сезінесің. Сол кезде олардың өзі саған босқа келмегенін еске салып тұратын белгі секілді көрінеді.

Қыздар құрамасындағы қазіргі ішкі атмосфера қандай?

- Қазір ұлттық құрамадағы ауызбіршілік пен өзара сыйластық жоғары деңгейде деп айта аламын. Қыздардың қарым-қатынасы жақсы, бір-бірімізді қолдап жүреміз. Команда ішінде көзге көрінетіндей қайшылықтар немесе түсініспеушіліктер жоқ. Әрине, бәсеке бар, бірақ ол тек спорттағы бәсеке. Шыны керек, құраманы кейде өз отбасымдай қабылдаймын. Себебі оқу-жаттығу жиындарында бір-бірімізбен өте көп уақыт өткіземіз. Кейде жақындарымыздан қарағанда командадағы қыздармен жиі бірге боламыз. Осындай жылы ортаның қалыптасуына жаттықтырушылар мен басшылықтың қосқан үлесі зор. Олар ұжымның ынтымағы мен татулығына әрдайым мән береді. Бүгінде бәріміздің мақсатымыз ортақ. Алдаға ірі жарыстарға тыңғылықты дайындалып, бір-бірімізге демеу болып келеміз. Командадағы осындай жайлы әрі сенімді орта әр спортшының өз әлеуетін толық ашуына ықпал етеді деп ойлаймын. Ал түрлі әңгімелер мен жеке пікірлерге қатысты сөз қозғағым келмейді. Мен тек өзім көріп, өзім сезініп жүрген жағдайды айта аламын: ұлттық құрамада өзара құрмет бар, жұмыс өз жүйесімен жүріп жатыр, ал ұжым ішіндегі көңіл күй өте жақсы.

Ендігі алдағы мақсатыңыз қандай?

- Алдағы жылдары спорттағы бар әлеуетімді көрсетіп, ең беделді халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғағым келеді. Қазақстанның көк байрағын әлемдік ареналарда биікте желбіретіп, өз өнерім арқылы халқымыздың қайсарлығы мен рухының мықтылығын танытуды армандаймын. Мен үшін жеңіс пен нәтиже тек жеке жетістік емес. Әрбір табысым арқылы қазақ елінің мерейін үстем етіп, қазақстандық спортшылардың кез келген мықты қарсыласпен терезесі тең күресіп, биік белестерді бағындыра алатынын көрсеткім келеді. Қазіргі таңда менің ең үлкен арманым – ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтату. Егер жетістіктерім арқылы жастарға жігер беріп, бір адамға болса да үміт сыйлай алсам, оны өзім үшін үлкен бақыт деп санар едім.

Авторы:Ақерке Өмірхан


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан