2 сағат бұрын
Хасанбой Дусматов қазақстандық қарсыластарының арасында қайсысы мықты болғанын айтты
ҚР ҰОК
Хасанбой Дусматовты Өзбекстандағы ең тұрақты боксшылардың бірі деп айтуға болады. 24 маусымда 33 жасқа толған спортшы Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы. Өзінің сөзінше, үшінші Олимпиадасына барудан да кетәрі емес.
Тәжірибелі былғары қолғап шебері осы уақыт аралығында жеңіл салмақта қазақстандық боксшылардың біразымен де қолғап түйістірді. Осы орайда Дусматовтан оның тұрақтылығы, Біржан Жақыпопен бәсекелестік жайлы сөйлестік.
– Хасанбой, өзіңіз қатысатын жекпе-жектерде көшбасшы саналатыныңыз анық. Жалпы, фаворит ретінде айқасқа шығу қаншалықты қиын?
– Кез келген жекпе-жекке финал деп қараймын. Айқаста анық фаворит деген болмайды. Себебі бәрін бір соққы шешіп кетуі мүмкін. Оның үстіне қарсыласыңның қандай даярлықпен келгенін білмейсің. Сол үшін әрбір айқасыма финалға шыққандай дайындаламын.
– Өзбекстан сапында әлем, Олимпиада чемпиондары көп. Мұндай құрам сапында болу да үлкен жауапкершілік шығар?
– Дәл солай. Себебі қатарымызда жастар көп. Соның өзінде әлемдік додаларда топ жарып жүргендер аз емес. Бұл өзіңнің босаңсымауыңа әсер ететін фактор. Жаттығу кезінде де, жарыстарда да бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Соның арқасында жоғары нәтижелерге ұмтыламыз.
– Өзіңіз кезінде талай жыл Біржан Жақыповпен бокстастыңыз. Арада он жылдан астам уақыт өтті. Қазір қазақ боксшыларынан кімді бөліп-жарып атар едіңіз?
– Біржан Жақыпов байырғы қарсыласым ғой. Өте мықты әрі еңбекқор боксшы. Сонан соң Сәкен Бибосыновпен де рингке шықтық. Дегенмен Сәкен салмағын ауыстырды. Қазір Санжар Тәшкенбайдың аяқ алысын бақылап отырамын. Өте жылдам боксшы.
– Кезінде Біржанға арнайы дайындалатыныңызды айтып едіңіз. Қазір сондай қарсыластар бар ма?
– Жастар арасында мықтылар көп. Қазір бокс барлық елде дамып жатыр, сондықтан бәсеке де жоғары.
– Сіздің бір салмақта жүргеніңізге 15 жылдай болды. Жас ұлғайған сайын салмақ та өседі. Ал сізге салмақ ұстап тұру қаншалықты қиын?
– Оңай емес. Себебі салмағым кейде 60 келіге дейін жететін кездер болады. Әсіресе демалыс кездерде салмақ ұстап тұру тіпті қиын. Негізі 54 келіге түсуге болушы еді, дегенмен бойым кішкентай болғандықтан, 51 келі дұрыс деп шештік. Өйткені 54 келідегі қарсыластарымның бойы ұзындау, ал бұл жекпе-жек кезінде қиындық туғызатыны анық.
– Өзіңіз біраз уақыт үзіліс алдыңыз. Сонан соң әуесқой боксқа оралу қиын болмады ма?
– Жас ұлғайған сайын қай жерде пайда болса, сол жаққа барасың. Мен де күнкөріс қамымен кәсіпқой бокста біраз бақ сынадым. Құдайға шүкір, жекпе-жектерімнің барлығында жеңдім. Ал қазір бапкерлермен келісіп, жарыстарға таңдап қатысып жүрмін.
– Кәсіпқой бокстан біржола кеттіңіз бе сонда?
– Жоқ, әлі де шаршы алаңға шығамын. Сәкен Бибосыновпен бірге жапониялық ұйыммен жұмыс істеп жатырмыз. Алда әлі айқастар бар.
– Екеуінің қайсысы қиынырақ?
– Әуесқой бокста салмақ жағы қиын. Себебі жарыс барысында күнде салмақ өлшейді. Ал кәсіпқой бокста жекпе-жектен бір күн бұрын таразыға тұрасың да, сонан соң айқасты ғана ойлайсың.
– Өзіңіз үшінші Олимпиада ойындарына қатысу туралы жоспарыңыз барын айтып едіңіз. Ол ойдан бас тартқан жоқ шығарсыз?
– Бәрін уақыт көрсетеді, әлі екі жыл уақыт бар. Әрине, тағы бір Олимпиадада бақ сынағым келеді. Қазір бабымдамын, дегенмен екі жылдан соң қалай болатынын әзірге айту қиын.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан