Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 100 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

20 сағат бұрын

«Екі рет шапалақпен ұрдым». Әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

«Екі рет шапалақпен ұрдым». Әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

ҚР ҰОК

Бокстан 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке қатысты жұбайына күш қолданды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды.

Спортшының өзі де екеуінің арасында отбасылық жанжал болғанын жоққа шығармайды, алайда өзін де жұбайы бірнеше рет соққыға жыққанын мәлімдеді.

«Оқиға болғаны рас. Екі рет шапалақпен ұрдым. Ол мені тепкілеп жатқан кезде аяғынан бірнеше рет ұрдым. Ол мені ұрды, бұл бірінші рет емес. Кейін кілтпен көзімді ойып алмақ болды, мен шыдамай, оны тыныштандырдым. Сондай-ақ қайшымен де шабуыл жасауға тырысты», – деді Жүсіпов.

Боксшының сөзінше, жұбайы да бұрын еркін күрес және ауыр атлетикамен айналысқан спортшы.

«Әдетте мен бәрін түсіндіріп, жанжалдан кетуге, үйден шығып кетуге тырысатынмын. Қазір бәрі маған қарсы болатынын түсінемін. Масқаралайды, неше түрлі сөз айтады. Әйелге қол көтеруге болмайтынын өзім де білемін. Бірақ біздің таныстарымыз бен көршілеріміз шындықты біледі. Маған «ажырасыңдар, әйтпесе бір күні сен оны қатты ұрып қоясың немесе ол сені пышақтап кетеді» деп айтатын», – деді спортшы Turar media порталына берген сұхбатында.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Теміртас Жүсіповтің жұбайын соққыға жыққаны туралы ақпарат тараған болатын. Жәбірленушінің туыстары әйелдің ауруханаға жеткізілгенін айтып, істің әділ тергелуін талап етті.

Әлеуметтік желідегі Threads платформасында спортшының жұбайының әпкесі жариялаған жазбада оқиға 29-30 маусым немесе 1 шілде аралығында болғаны айтылған. Оның сөзінше, Жүсіпов жұбайын соққыға жығып, әйел ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Жәбірленушінің туысы медициналық құжаттарда тұншығу (асфиксия), бастың ашық жарақаты, құрысу және ми ісінуі тіркелгенін, әйелдің ес-түссіз жатқанын мәлімдеген.

Сондай-ақ, ол тергеу барысына алаңдаушылық білдіріп, Теміртас Жүсіповтің ұсталғаннан кейін бес сағаттан соң босатылғанын жазды.

«Әпкемнің айтуынша, босап шыққаннан кейін де ол қорқытуын жалғастырды. Ажырасса өлтіретінін, барлық жерде байланысы бар екенін айтты. Сонымен қатар оны видеоға түсіріп, психикалық ауру ретінде көрсетіп, балаларын тартып алатынын айтқан», – деп жазды жәбірленушінің әпкесі.

Ол кәсіби боксшының физикалық дайындығы жоғары болғандықтан, әйелге қатысты зорлық-зомбылық үшін ерекше жауапкершілік арқалауы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ құқық қорғау органдарынан әйел мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, істі әділ тергеп, кінәлі тұлғаны заң аясында жауапқа тартуды сұрады.

Ресми мәліметке сәйкес, әйел 30 маусым күні көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізіліп, оны жақ-бет хирургі мен нейрохирург тексерген.

Өз кезегінде Ақмола облысы Полиция департаменті аталған оқиға бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Сонымен қатар, Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік желіде тараған әйелдің асфиксия мен ми ісінуін алғаны туралы мәліметті жоққа шығарды. Ресми ақпаратқа сәйкес, әйелге бас миының шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты, көгерулер мен сырылған жарақаттар диагнозы қойылған. Хирургиялық көмек қажет болмаған, ал келесі күні ол өз еркімен емделуден бас тартып, ауруханадан шыққан.

Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан