14 сағат бұрын
Бокстан Едіге Нұрғожа Азия чемпионатында айқын басымдықпен жеңіске жетті
Джакарта қаласында (Индонезия) U19 және U23 жас санаттары бойынша бокстан Азия чемпионаты жалғасуда, деп хабарлайды Sport12.kz
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Едіге Нұрғожа ширек финалға шығу үшін тәжікстандық Бахтовар Усмоновпен қолғап түйістірді.
Едіге алғашқы раундта өте сенімді өнер көрсетті. Ол қарсыласына қарағанда дәл соққыларын көбірек дарытып, жекпе-жекті тактикалық тұрғыдан сауатты өткізді. Нәтижесінде барлық төреші алғашқы раундты 10:9 есебімен қазақстандық боксшының пайдасына бағалады.
Екінші раундта Едігенің басымдығы айқын байқалды. Оның үстемдігі соншалық, төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатып, Нұрғожаның техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді. Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шебері ширек финалға жолдама алды.
Еске салсақ, Едіге Нұрғожа 2025 жылы 52 келіге дейінгі салмақта өткен ТМД елдерінің III ойындарының күміс жүлдегері атанған. Сондай-ақ, 2026 жылы Венгрияда өткен Гергели Борнемисса мемориалы халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Джакартадағы жастар арасындағы Азия чемпионаты – Asian Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан екінші құрлық біріншілігі. Алғашқы чемпионат 2025 жылдың тамыз айында Бангкок қаласында өткен еді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов