5 сағат бұрын
Бокстан Хамза Мақсатұлы Азия чемпионатын айқын жеңіспен бастады
Қазақстандық боксшы Хамза Мақсатұлы (75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Отандасымыздың қарсыласы Сингапур өкілі Абдул Ғаффар Нұр Мұхаммад Мат болды.
Алғашқы раундта Хамза айқын басымдық танытты. Бапкерлерінің «қос соққыларды жиі қолданып, джебпен көбірек жұмыс істе» деген нұсқауын сәтті орындаған қазақстандық боксшы қарсыласына елеулі соққылар дарытты. Нәтижесінде бір төреші раундты Хамзаның пайдасына 10:9 есебімен бағаласа, қалған төртеуі 10:8 есебін тіркеді.
Екінші раундта Хамза қарсыласын толықтай тізгіндеп, жойқын шабуылға көшті. Оның басымдығын ескерген төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатып, Хамза Мақсатұлының техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жариялады.
Осылайша, қазақстандық боксшы Азия чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Еске салайық, Хамза Мақсатұлы биыл Бангкокта өткен беделді халықаралық Futures Cup турнирінің жеңімпазы атанған.
Айта кетейік, жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының Азиядағы құрылымы – Asian Boxing ұйымының ұйымдастыруымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы чемпионат 2025 жылдың тамыз айында Бангкокта өткен болатын. Биылғы дода 4 шілдеде Индонезия астанасы Джакартада басталды. Жарыста U19 және U23 жас санатындағы ұлдар мен қыздар бақ сынауда. Азия чемпионатына барлығы 330-ға жуық спортшы қатысып жатыр.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов