15 сағат бұрын
Бокстан Асылхан Көшербай Азия чемпионатында жүлдесіз қалды
Индонезияның Джакарта қаласында 23 жасқа дейінгі (U23) жастар арасындағы Азия чемпионатының ширек финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Асылхан Көшербай Үндістан өкілі Вансажбен кездесті. Бұл жекпе-жек Асылхан үшін турнирдегі екінші айқас болды. Алғашқы кездесуінде ол Бутандық Дечен Доржені төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен сенімді түрде жеңген еді.
Бірінші раундта қазақстандық боксшы көп соққы өткізіп алды. Үндістандық қарсыласы түрлі тәсілмен шабуылдап, барлық төрешінің жазбасында раундты өз пайдасына аяқтады.
Асылхан бірінші нөмірмен жұмыс істеуге тырысқанымен, Вансаж өте жылдам әрі дәл шабуылдап отырды. Екінші раунд қорытындысы бойынша есеп 4:1 болды, ал төрт төрешінің бағалауында жалпы есеп 20:18-ге жетті. Бокста мұндай басымдықты соңғы үш минутта жоғалту өте қиын.
Үш раундтың қорытындысында төрешілер жеңісті Вансажға айырма шешіммен берді (30:27, 29:28, 29:28, 29:28, 28:29). Осылайша, үндістандық боксшы кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етсе, Асылхан Көшербай жарысты аяқтап, елге қайтады.
Еске сала кетейік, Асылхан Көшербай – 2024 жылғы U19 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2025 жылы Бакуде өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінің қола жүлдегері.
Айта кетейік, жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының Asian Boxing құрылымының ұйымдастыруымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы чемпионат 2025 жылдың тамыз айында Бангкокта өткен болатын. Биылғы дода 4 шілдеде Индонезия астанасы Джакартада басталды. Жарыста U19 және U23 жас санаттарындағы ұлдар мен қыздар бақ сынауда. Азия біріншілігіне жалпы саны 330-ға жуық спортшы қатысуда.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов