Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 100 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

4 сағат бұрын

«Жұмысымды көріп, бірден төрт жылға келісімшарт ұсынды»: Қытай боксшыларын жаттықтырып жүрген қазақ бапкері сұхбат берді

«Жұмысымды көріп, бірден төрт жылға келісімшарт ұсынды»: Қытай боксшыларын жаттықтырып жүрген қазақ бапкері сұхбат берді

sports.kz

1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, тәжірибелі бапкер Болат Ниязымбетов бүгінде Қытайдың Юньнань провинциясында қызмет атқарып жүр. Қазақстандық маман сегіз айдан бері 48 миллионнан астам тұрғыны бар өңірдің бокс жүйесіне жетекшілік етеді. Біз Олимпиада жүлдегерімен Қытайдағы жұмысы, жергілікті бокс жүйесі және алғашқы жетістіктері жайында әңгімелестік.

– Болат аға, әңгімені қазіргі қызметіңізден бастасақ. Қытайда жұмыс істеп жатқаныңызды естідік. Сонда құрама боксшыларын жаттықтырып жүрсіз бе?

– Жоқ, мен Қытайдың ұлттық құрамасында емес, Юньнань провинциясында жұмыс істеп жатырмын. Орталығы – Куньмин қаласы. Осында келгеніме сегіз ай болды. Қытайлықтар арнайы шақырту жасап, бас бапкер қызметін ұсынды.

– Нақты қандай командаларға жауап бересіз?

– Бір ғана жас санатына емес, бүкіл провинцияның боксына жауаптымын. Юньнаньда шамамен 48 миллион халық тұрады. Қазақстанмен салыстырсақ, екі Қазақстандай өңір деуге болады. Осы провинциядағы ересектер, жастар, жасөспірімдер және кіші жастағы балалар – барлығының дайындығы менің жауапкершілігімде.

– Бұл – сіздің шетелдегі алғашқы тәжірибеңіз емес қой... Бұл жолы таңдау неліктен Қытайға түсті?

– Иә, бұл – мен жұмыс істеп жатқан алтыншы мемлекет. Бұған дейін де бірнеше елдің ұлттық құрамаларында еңбек еттім. Сондықтан Қытайға келу мен үшін жаңа сынақ болды. Ұлттық құрамамен жұмыс істеу бір басқа, ал тұтас бір провинцияның боксын дамыту – мүлде бөлек міндет.

Ұлттық құрамада дайын спортшылармен жұмыс істейсің. Елдің үздіктері іріктеліп келеді, сен соларды халықаралық жарысқа дайындайсың. Ал мұнда жүйені түгел жүргізесің: балаларды тәрбиелеу, резерв даярлау, жарысқа қатыстыру – бәрі сенің мойныңда. Жұмысы әлдеқайда көп.

– Қытайдағы жарыс жүйесінің ерекшелігі неде?

– Ең басты ерекшелік – ішкі бәсекелестіктің өте жоғары деңгейде болуы. Біз көбіне әлем чемпионаты немесе Азия чемпионаты туралы айтамыз ғой. Ал Қытайда өздерінің жарыстарының ауқымы одан кем емес.

Мысалы, төрт жылда бір рет өтетін Спартакиадасы бар. Оның мәртебесі Олимпиада ойындарымен бірдей бағаланады. Жеңімпаздарға да сондай деңгейде сыйақы беріледі: қомақты қаржы, үй, көлік. Әр провинция өз чемпиондарын ерекше қолдайды.

Бұдан бөлек, Қытай кубогы, ел чемпионаты секілді жарыстар өте көп. Бір салмақ дәрежесінде әлем чемпионатында 30-40 боксшы бақ сынаса, Қытай біріншілігінде 70-80 спортшы шығуы қалыпты жағдай. Елдің көлемі үлкен болғандықтан, бәсекелестік те өте жоғары.

– Яғни халықаралық жарыстан гөрі ел ішінде жеңіске жету қиын ба?

– Кейде солай деуге болады. Жақында әртүрлі жас санатындағы Қытай чемпионаттарына қатыстық. Сонда менің шәкірттерім төрт жекпе-жекте жеңіп, соның өзінде жартылай финалға өте алмады.

Салыстыру үшін айтайын, кейде Азия чемпионатында бір немесе екі кездесу өткізіп, чемпион болып жататын спортшылар бар. Ал мұнда төрт-бес кездесу жеңсең де жүлдеге іліне алмай қалуың мүмкін. Сондықтан Қытайдағы ішкі бәсекелестік өте жоғары.

– Қытай провинцияларында шетелдік мамандар көп пе?

– Иә, өте көп. Әр провинция мүмкіндігінше мықты бапкерлерді шақыруға тырысады. Кубалықтар, өзбекстандықтар, ресейлік мамандар жұмыс істеп жүр. Бұрын бұл өңірде Беларусь бапкерлері еңбек еткен.

Әркімнің мақсаты – өз провинциясының деңгейін көтеру. Сондықтан жақсы мамандарға сұраныс жоғары.

– Ал сегіз айдағы жұмысыңыздың нәтижесіне көңіліңіз тола ма?

– Әзірге нәтижеміз жаман емес. Бастапқыда бір жыл деген, алайда басшылық келісімшартты төрт жылға ұсынды. Бірақ Қытайда бәрі нәтижеге байланысты. Бір жылдан кейін басшылық жұмысыңа баға береді. Команда өсіп келе жатса, келісімшарт әрі қарай жалғаса береді.

Біздің провинция көп жылдан бері мұндай нәтижеге қол жеткізбеген екен. Осы сегіз айдың ішінде бірнеше медаль жеңіп алдық. Бірнеше спортшымыз ұлттық құрамаға шақырылды. Мысалы, 70 келі салмақтағы шәкіртім алдағы Азия ойындарына қатысады. Тағы үш-төрт боксшымыз Қытай ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына шақырту алды.

Қазір басқа провинциялар да бізбен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізгісі келеді. Бүгіннің өзінде үш команда келіп отыр. «Бірге жаттығуға бола ма?» деп өздері ұсыныс жасайды. Бұл – атқарылған жұмыстың бағасы деп есептеймін.

– Қасыңызда өзіңізбен бірге барған мамандар бар ма?

– Жоқ. Мені ғана бас бапкер ретінде шақырды. Ал қалғанының бәрі – жергілікті мамандар. Менің міндетім – тек спортшыларды дайындау емес, қытайлық бапкерлердің өздерін де оқыту.

Жаттығу жүйесін, жарысқа дайындықтың кезеңдерін, жоспарлауды, қалпына келтіру жұмыстарын – бәрін бірге талдаймыз. Олар тәжірибені үйренгісі келеді.

– Қытайға дейін басқа елдерден де ұсыныстар болған шығар?

– Әрине. Бұған дейін Бахрейннен, Мысырдан шақырту алдым. Бірақ қабылдамадым. Себебі араб елдерінде бұрын жұмыс істегенмін, Иракта да қызмет атқардым. Ол жақтың аптап ыстығын жақсы білемін.

Ал Куньминнің климаты маған өте қолайлы болды. Бұл қала жыл бойы бірқалыпты ауа райымен ерекшеленеді. Температура 23 градустан аса бермейді. Сондықтан «Мәңгілік көктем қаласы» деп атайды. Жаңбыр жиі жауады, айналаның бәрі жап-жасыл. Табиғаты да, өмір сүруге қолайлылығы да ерекше әсер қалдырды.

– Шетелде талай жыл еңбек еткен маман ретінде жаңа ортаға бейімделу сізге жеңілірек шығар. Дегенмен Қытайға келгенде қандай да бір қиындықтар болды ма? Мысалы, тіл, тағам, менталитет сияқты...

– Жалпы, осы уақытқа дейін бірнеше елде жұмыс істегеннен кейін жаңа ортаға бейімделуге үйреніп қалдым. Әр мемлекеттің өз ерекшелігі болады. Соның ішінде маған ең қиыны – тағам мәселесі.

Біз мұсылман халықпыз ғой, сондықтан тамақ жағынан белгілі бір талаптар бар. Әрине, маған арнайы ас әзірлейді, жағдайымды жасайды. Бірақ бәрібір үйренген қазақтың тағамындай болмайды. Осы жағы ғана сәл қиындық туғызады.

– Ал спортшылардың тамақтануы қалай ұйымдастырылған?

– Бұл жерде тамақтану жүйесі өте қатаң бақылауда. Әсіресе допинг мәселесіне ерекше мән береді. Спорттық базаға кіретін барлық азық-түлік бірнеше тексерістен өтеді. Еттің өзі, сүт өнімдері, көкөніс – бәрі арнайы бақылаудан кейін ғана пайдаланылады.

Негізінен сиыр еті, тауық еті, үйрек еті беріледі. Сүт, айран, йогурт секілді өнімдер өте көп. Түрлі салаттар жеткілікті. Кейде қой етінен сорпа әзірлейді. Бірақ біздегідей қазы-қарта немесе дәстүрлі қазақ тағамдары, әрине, жоқ.

Жалпы, біздің спортшылар ауыр жаттығудан кейін күш-қуатты қалпына келтіруге етке көбірек сүйеніп үйренген ғой. Ал мұнда тамақтану жеңілдеу. Сол жағынан айырмашылық сезіледі.

– Спортшылардың тәртібі қандай?

– Бұл жерде тәртіп өте қатаң. Спортшылар айлап, тіпті жыл бойы спорт базасында тұрады. Үйіне жиі жібермейді. Кейде бір тәулікке немесе бір аптаға ғана демалыс береді, болды.

Студент жастар болса, сабақтарына барып-келіп жүреді. Ал негізгі уақыттарының бәрі осы базада өтеді.

Бапкерлер де дәл солай. Мысалы, біздің провинцияның өзі өте үлкен. Кейбір жергілікті бапкерлер басқа қалалардан келген, үйлеріне жету үшін бес-алты сағат жол жүреді. Соған қарамастан олар да бір-екі айда бір-ақ рет екі-үш күнге үйіне барып қайтады. Қалған уақыттың бәрінде осында, спорт базасында болады.

– Сізге Қазақстан құрамасына оралу туралы ұсыныстар болған шығар?

– Иә, ондай әңгімелер айтылып тұрады. Үлкен кісілер де хабарласып жатады.

Бірақ қазіргі таңда мен өзімді еркін сезінемін. Шетелде жұмыс істеп жүрмін, тәжірибе жинап жатырмын. Бес мемлекетте бас бапкер болдым, Олимпиада циклдарын өткіздім, түрлі елдерде бокс жүйесін қалыптастыруға үлес қостым. Сондықтан дәл қазір ешқайда асығып тұрған жоқпын.

Әрине, қазақ болғаннан кейін жүрек әрдайым елге тартады. Бірақ қазіргі уақытта сырттан бақылап, өз жұмысымды істеген дұрыс деп санаймын.

– Өзіңіз Қазақстанға қаншалықты жиі келіп тұрасыз?

– Бір ай бұрын ғана барып қайттым. Бес күндей демалып келдім.

Жалпы, жұмыс берушілер бұл мәселеге жақсы қарайды. Ұшақ билетін өздері алып береді, әуежайдан күтіп алады, шығарып салады. Егер маңызды шаруам шығып жатса, өтініш жазып, рұқсат алып кете аламын. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ.

– Тіл мәселесін қалай шешіп жүрсіздер? Ағылшын тілінде сөйлесесіздер ме?

– Жоқ, менімен бірге кәсіби аудармашы жұмыс істейді. Бұл – мен үшін өте маңызды мәселе.

Өйткені бұрын басқа елдерде қарапайым аудармашылармен жұмыс істеген кездерім болды. Олар туристік бағыттағы мамандар болғандықтан, спорт терминдерін, жаттығу барысын дұрыс жеткізе алмай қиналатын.

Ал қазіргі аудармашым – нағыз спорт маманы. Ресейде білім алған, орыс тілін өте жақсы біледі. Бұған дейін күрес, волейбол сияқты спорт түрлерінде ұлттық құрамалармен жұмыс істеген. Сондықтан бокстағы барлық терминді, жаттығу әдістемесін бірден түсінеді. Осы жағынан жолым болды деп айта аламын.

– Бұған дейін Түркияда, Иракта, Оңтүстік Кореяда, Венгрияда, Сербияда жұмыс істедіңіз. Жалпы, шетелдік ұсыныстардың арасынан қалай таңдау жасайсыз?

– Көбіне олар өздері хабарласады. Бір-бірінен сұрап, халықаралық бокс ортасындағы таныстық арқылы байланысқа шығады. Мен бірнеше елде жұмыс істегеннен кейін тәжірибемді білетіндер көбейді.

Кез келген мемлекет нәтижелі жұмыс істей алатын маманды іздейді. Әлемде бапкер көп. Бірақ жақсы нәтиже бере алатын, жүйе қалыптастыратын мамандар аз.

Сондықтан алдымен ұсынысты тыңдаймыз. Біраз уақыт ойланып, барлық жағдайды саралаймыз. Кейін қайта байланысып, келісімнің шарттарын талқылаймыз. Ең бастысы – жұмыс істеуге мүмкіндік пен мақсаттың ортақ болуы. Егер барлық мәселе келісілсе, олар шақырту жіберіп, келісімшартқа қол қоямыз да, жұмысқа кірісеміз.

– Қытайға келгенге дейін де басқа елдерден ұсыныстар болғанын айтып қалдыңыз...

– Иә, болған. Бахрейн мен Мысырдан нақты ұсыныстар түсті. Бірақ Қытайда да жұмыс істеп көрейін деп шештім. Тіпті маған біздің федерация арқылы шыққысы келгендер болыпты. Ал мен ешқандай федерацияға тәуелді емеспін. Қазір Қазақстан бокс федерациясында қызмет атқармаймын, еш жерде тіркелмегенмін.

Кезінде жастар құрамасында жұмыс істедім, еліміздің боксына өз үлесімді қостым. Бірақ бүгінде еркін маманмын. Шешімді өзім қабылдаймын. Қай елден ұсыныс түссе де, барлық жағдайын саралап, өзіме тиімді деп тапсам ғана келісім беремін.

– Болат аға, өзіңіз бірнеше мемлекетте жұмыс істедіңіз. Жалпы шетелде Қазақстанның бокс мектебіне деген көзқарас қандай?

– Қазақстан боксының беделі әлемде өте жоғары. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақ боксын барлық жерде біледі, құрметтейді. Біз көп жылдан бері әлемдік бокстың көшбасшы мемлекеттерінің қатарындамыз.

Сондықтан шетелдік федерациялар тәжірибелі маман іздегенде ең алдымен боксы дамыған елдерге назар аударады. Қазақстан солардың бірі. Қазақ бапкерлерінің біліктілігі де жоғары бағаланады. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш.

– Сіз Түркияда жұмыс істегенде бір жылдың ішінде екі әлем чемпионын тәрбиеледіңіз. Кейін Ирак құрамасында еңбек етіп, Олимпиада жолдамасын алып бердіңіз. Ол елде бокс аса дамымағанын ескерсек, бұл үлкен жетістік болды ғой...

– Әрине. Түркияда нәтижелі жұмыс істедік. Ал Иракта жағдай мүлде басқа еді. Ол жақта бокстың деңгейі біздегідей емес.

Соған қарамастан Азия чемпионатында екі спортшым қола жүлде жеңіп алды, әлемдік жарыстарда да жақсы нәтиже көрсеттік. Ең бастысы – Олимпиада жолдамасын иелендік. Ол мемлекет үшін бұл өте үлкен жетістік болды.

Мен үшін де кәсіби тұрғыдан маңызды тәжірибе болды. Дайын жүйеге келіп жұмыс істеу бір басқа, ал енді енді ғана дамып келе жатқан елде нәтиже көрсету әлдеқайда қиын.

– Мұндай нәтижеге қалай жетесіз? Болашағы бар боксшыны бірден тани аласыз ба, әлде бәрі тәжірибемен келеді ме?

– Әрине, тәжірибенің рөлі зор. Бірақ дарын да ерекше нәрсе.

Мысалы, екі жүз баланың арасынан халықаралық деңгейге шығатыны бір-екеуі ғана болады. Бұл – кез келген елде солай. Барлығы бірдей чемпион атана алмайды.

Қазірдің өзінде қараңызшы, әлем кубогына немесе Азия чемпионатына ең мықты құрамалар келеді. Бірақ он спортшының бір-екеуі ғана жүлде алады. Бұл – спорттың заңдылығы.

– Соңғы жылдары халықаралық бокста төрешілік пен саясаттың ықпалы туралы көп айтылып жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Өкінішке қарай, спортқа саясаттың араласып кеткені байқалады.

Қазір медальдардың қалай бөлінетінін көріп жүрміз. Әрине, ешкімнің еңбегін жоққа шығармаймын. Бірақ кейде белгілі бір елдердің мүддесі ескерілетіндей әсер қалдырады.

Бүгінде әлемдік бокстағы негізгі күш – Қазақстан мен Өзбекстан. Азия чемпионаттарын, әлем кубогын қарасаңыз, финалдардың басым бөлігінде осы екі елдің өкілдері кездеседі.

Бұрын Куба, Ресей, Украина секілді өте мықты мектептер болатын. Қазір түрлі себептерге байланысты олардың көбі халықаралық жарыстарға қатыспайды. Кубаның өзі бұрынғы деңгейінде емес.

– Кейбір сарапшылар «қазіргі әлемдік бокста негізгі бәсекелестік Қазақстан мен Өзбекстан арасында ғана қалып қойды» деген пікір айтып жүр... Бұл жайт боксты өлтіруі мүмкін екені де айтылады.

– Бұл пікірдің жаны бар.

Қазір әлемдік деңгейдегі ең тұрақты нәтижені осы екі ел көрсетіп жүр. Еуропа боксы бұрынғыдай емес. Италия, Франция, Ұлыбритания секілді елдердің деңгейі төмендеп кетті.

Ал Қазақстан мен Өзбекстанда ішкі бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан халықаралық жарыстарда да негізгі тартыс осы екі құраманың арасында өтеді.

– Биыл Азия чемпионатына Қазақстан бірінші құраммен барды. Бұл шешімге қатысты әртүрлі пікір айтылды. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Жаңа бас бапкер келгеннен кейін өзінің жұмысын көрсетуі заңды нәрсе.

Ол әр салмақтағы спортшыларды көргісі келеді, кімнің қандай деңгейде екенін бағалайды. Бұл – қалыпты процесс.

Қазір Қазақстанда кадр мәселесі жоқ деп айтуға болады. Әр салмақта бір ғана емес, екі-үш бірдей мықты боксшы бар. Сондықтан бапкерлердің таңдау жасауына мүмкіндік жеткілікті.

Әрине, Азия чемпионаты – өте маңызды турнир. Бірақ дәл осындай жарыстарда бапкер өз құрамасын толық сынап көреді.

– Қазір жастар құрамасын Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырып жүр. Азия чемпионатына да команданы өзі бастап барды. Бұған дейін ол жас мамандарға көбірек мүмкіндік беру керек деп айтып жүрген еді. Енді сол мүмкіндік берілді. Жалпы оның бапкерлік жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Ең алдымен кез келген жас бапкерге уақыт керек деп ойлаймын. Бапкерлік – тәжірибемен келетін мамандық. Көп нәрсені көріп, көп нәрседен сабақ алу қажет.

Бақытпен кезінде бұл туралы сөйлескенбіз. Тіпті бірге жұмыс істейік деген ұсыныс та болған. Бірақ мен оған: «Өзің жеке жұмыс істе. Өзің өс. Өз жолыңды қалыптастыр», – дедім.

Өйткені бірге жұмыс істеген кезде үлкен кісі ретінде ескерту айтасың, кемшілігін көрсетесің. Кейде ол ұнамауы мүмкін. Сондықтан әркім өз тәжірибесін өзі жинағаны дұрыс деп санадым.

Қазір қарап отырсам, жаман нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Түрлі халықаралық жарыстардан медаль алып келеді.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан