3 күн бұрын
Мырзағали Айтжанов: шетелден ұсыныстар көп келді
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжанов шетелден түскен жұмыс ұсыныстары туралы айтты, деп хабарлайды Sport12.kz.
Adilet.tv YouTube арнасына берген сұхбатында тәжірибелі маман Қытай, Үндістан және Түркиядан ұсыныс алғанын жеткізді.
«Әлемдегі алпауыт елдер саналатын Қытай, Үндістан және Түркиядан ұсыныстар түсті. 2025 жылдан бері түрлі мемлекеттерден Лос-Анджелес Олимпиадасына құраманы дайындауға шақырған хаттар келіп жатыр. Бірақ мен елімді, шәкірттерімді қимаймын. Алға қойған мақсаттарға жету үшін Қазақстанда еңбек етіп жүрмін. Ең басты мақсатым – Олимпиада чемпионын тәрбиелеу», – деді Айтжанов.
Сонымен қатар, ол шәкірті Сәкен Бибосыновтың жаңа салмақтағы өнеріне де тоқталды.
«Париж Олимпиадасынан кейін салмақ дәрежелері өзгеріп, 51 келі бағдарламадан алынып тасталды. Сондықтан Сәкен 2025 жылдан бастап 55 келіде жұдырықтасуға шешім қабылдады. Осы уақыт ішінде Хабаровсктегі турнирде, Қазақстан чемпионатында және Дубайдағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. Биыл Алматыда өткен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы турнирде де топ жарды. Бұл салмақта Махмұд Сабырхан да бар. Дегенмен, біздің өз жоспарымыз бар», – деді бапкер.
Айта кетейік, Мырзағали Айтжанов Қазақстан ұлттық құрамасын 2009–2018 және 2023–2024 жылдары басқарды. Ол Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) «Жылдың үздік бапкері» атағын екі рет (2013, 2014) жеңіп алған қазақстандық тұңғыш әрі әзірге жалғыз маман.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов