2 күн бұрын
Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуінен бас тартты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан ресми түрде бас тартып, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысу туралы шешім қабылдады.
Бұл ақпаратты Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери растады.
«Жәнібек Әлімханұлы маған жоғары салмақ дәрежесіне ауысатынын хабарлады. Енді ол екінші орта салмақта жұдырықтасады. Ал Дензел Бентли толыққанды WBO чемпионы атанды», – деді Оливьери.
Осылайша, орта салмақтағы WBO чемпионы атағы британдық Дензел Бентлиге өтті. Бұған дейін ол ұйымның уақытша чемпионы болған.
Қазіргі таңда WBO Бентлидің келесі қарсыласы мәселесін қарастырып жатыр. Ол міндетті үміткер Йоэнли Эрнандеспен кездесуі немесе алдымен ерікті түрде титулын қорғауы мүмкін.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы допингке байланысты бір жылдық дисквалификациясын өтеп жатыр. Оның спортқа қайта оралуы 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Осыдан кейін қазақстандық боксшы екінші орта салмақта өнер көрсетуді бастайды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан