1 күн бұрын
«Әр күніміз минутына дейін жоспарланған»: қазақстандық боксшы АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиындары жайлы айтты
ҚР ҰОК
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Виктория Графеева қазір АҚШ-та өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүр. Ұлттық құрама боксшысы дайындық барысы, шетелдік спортшылармен өткізген спаррингтері, әлем кубогындағы жеңістері және алдағы мақсаты туралы айтып берді.
– Виктория, қазір АҚШ-та оқу-жаттығу жиынында жүрсіз. Дайындық қалай өтіп жатыр? Бұл жиынның өзіңіз үйренген жаттығулардан қандай айырмашылығы бар?
– Дайындық өте қарқынды өтіп жатыр. Әр күніміз минутына дейін жоспарланған. Жаттығу, қалпына келу, техника мен физикалық дайындықты жетілдіруге арналған жұмыстардың барлығы кестеге сай жүргізіледі. Бұл жиынның басты ерекшелігі – жаңа спарринг-әріптестердің көптігі және олардың бокс мәнерінің өзгеше болуы. Сондықтан жаңа жағдайға тез бейімделуге тура келеді.
– Бұл оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты қандай? АҚШ-та Қазақстандағы дайындық кезінде кездесе бермейтін қандай мүмкіндіктер бар?
– Басты мақсат – маңызды жарыстардың алдында дайындық деңгейін барынша көтеру. Мұнда мықты спортшылармен спарринг өткізуге, жекпе-жек жүргізудің түрлі мәнерімен танысуға мүмкіндік бар. Мұның бәрі халықаралық тәжірибе жинауға және өз шеберлігіңді шыңдауға көмектеседі.
– Дайындыққа жасалған жағдайды қалай бағалайсыз?
– Жағдай өте жақсы. Сапалы жаттығу өткізуге қажетті мүмкіндіктің бәрі қарастырылған. Заманауи зал, қажетті құрал-жабдықтар және қалпына келуге арналған жағдай бар. Соның арқасында бар назарымызды тек дайындыққа аудара аламыз.
– Америкалық боксшылармен немесе өзге елдердің спортшыларымен де спарринг өткізіп жүрген шығарсыздар, олардың жекпе-жек мәнерінен қандай ерекшелік байқадыңыз?
– Иә, спарринг өткізіп жүрміз. Әр спортшының өзіндік қолтаңбасы бар. Америкалық боксшылар көбіне жоғары қарқында жұмыс істейді, рингте көп қозғалып, арақашықтықты тиімді пайдаланады. Осындай спаррингтер бізді шыңдап, жекпе-жек кезінде жаңа шешімдер табуға үйретеді.
– Қазір Қазақстан әйелдер құрамасындағы атмосфера қандай? Дайындық барысында командалық рухты сақтап, бір-біріңізге қолдау көрсетуге не ықпал етеді?
– Құрамадағы атмосфера өте жақсы. Арамызда бәсеке болғанымен, бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетеміз. Өйткені бәріміздің мақсатымыз ортақ – халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғау.
– Кейінгі жылдары Қазақстан әйелдер құрамасы ірі жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бұл жетістіктің басты сыры неде деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, басты құпиясы – тәртіп, еңбекқорлық және мықты бапкерлер құрамының жұмысында. Спортта ешқандай жетістік өздігінен келмейді. Әр медальдің артында жылдар бойғы тынымсыз еңбек пен төгілген тер тұр.
– Биыл Бразилия мен Қытайда өткен әлем кубогының екі кезеңінде жеңіске жеттіңіз. Бұл жүлделер сіз үшін несімен маңызды?
– Бұл жеңістердің мен үшін маңызы өте зор. Олар біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетті. Сонымен қатар алдағы уақытта бұдан да көп еңбектенуге қосымша жігер берді.
– Қытайда өткен әлем кубогының финалында Олимпиада чемпионы Линь Юйтинді жеңдіңіз. Алғашқы раунд сәтсіз өткеннен кейін жекпе-жектің барысын өзгертуге не көмектесті?
– Бірінші раундтан кейін бапкерім екеуміз жіберген қателіктерді сабырмен талдадық. Мен өзіме деген сенімімді жоғалтпай, тактиканы өзгерттім. Әрекетіме сенімділік қосып, бапкердің нұсқауын толық орындауға тырыстым. Соның арқасында жекпе-жектің барысын өзгерте алдым.
– Әлем кубогының екі кезеңіндегі жеңістерден кейін қарсыластарыңыздың сізге деген көзқарасы өзгергенін сезесіз бе? Қазір олар сіздің жекпе-жектеріңізге бұрынғыдан да тыңғылықты дайындалады деп ойлайсыз ба?
– Әрине, өзгерген болуы мүмкін. Қазір көптеген қарсыласым менің жекпе-жектерімді бұрынғыдан да мұқият зерттейтін шығар. Бірақ бұл – қалыпты жағдай. Жоғары деңгейде әр спортшы қарсыласына өте тыңғылықты дайындалады.
– Сіз боксқа 17 жасыңызда ғана келдіңіз. Бүгінде әлемнің үздік боксшыларының біріне айналдыңыз. Өткен жолыңызға көз жүгіртсеңіз, өз мансабыңыздағы қай жетістік сізді ең қатты таңғалдырады?
– Әлемдік деңгейге қысқа уақыт ішінде жеткенім шығар. Сол кезде біреу маған болашақта ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетесің десе, сенбес едім. Бірақ еңбек пен арманыңа деген сенімнің арқасында көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын түсіндім.
– Бұған дейін 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, кейін 60 келіге ауыстыңыз. Дәл осы салмақ дәрежесінде өз әлеуетіңізді толық аша алдым деп айта аласыз ба?
– Иә, осы салмақ дәрежесінде өзімді барынша жайлы сезінемін. Мұнда өзімнің үздік боксымды көрсетіп, мықты қырларымды толық пайдалануға мүмкіндігім бар.
– Нұрлан Мұхаметқалиевпен бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істеп келесіз. Бапкеріңіз сіздің бойыңызда қандай қасиеттерді қалыптастырды?
– Ол маған тәртіпті болуды, сабыр сақтауды және ешқашан берілмеуді үйретті. Бірлескен жұмысымыздың арқасында мен спортшы ретінде ғана емес, адам ретінде де шыңдалдым.
– Маусымның басты жарыстарына дайындық қалай өтіп жатыр? Алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?
– Дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Қазіргі басты міндет – маңызды жарыстарға бабымның ең жоғары деңгейінде бару. Маусымның негізгі додаларында сәтті өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алғым келеді.
– Жетістіктеріңіз көбейген сайын жанкүйерлердің де қызығушылығы артты. Сол қолдауды өзіңіз де сезінетін шығарсыз. Ал боксқа енді ғана қадам басып жатқан қазақстандық қыздарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Қиындықтан қорықпай, әрдайым өздеріне сенсе екен деймін. Барлығы бірден жүзеге аса бермейді. Бірақ күн сайын адал еңбек етіп, берілмей алға ұмтылсаң, кез келген арманға қол жеткізуге болады. Ең бастысы – жүріп өткен жолыңнан ләззат алып, өзің таңдаған спортты шын жүрегіңмен сүю.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан