2 күн бұрын
221 күн комада жатқан боксшы қайтыс болды
Пуэрторикалық боксшы Притчард Колон 33 жасында өмірден өтті. Қайғылы хабарды 13 тамызда спортшының әкесі әрі бұрынғы жаттықтырушысы Ричард Колон әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Боксшының өліміне нақты не себеп болғаны әзірге жарияланған жоқ.
Колонның мансабын күрт өзгерткен оқиға 2015 жылдың 17 қазанында болды. Сол күні ол АҚШ-тың Фэрфакс қаласында Террелл Уильямспен рингке шықты. Кездесу кезінде Уильямс Колонның желкесіне бірнеше рет тыйым салынған соққы жасаған. Пуэрторикалық боксшы бұл әрекетке төрешінің назарын аударғанымен, жекпе-жек тоқтатылмады.
Тоғызыншы раундта Колон екі рет нокдаунға түсті. Кейін оның командасы кездесуді аяқталды деп қате түсініп, боксшының қолғабын шеше бастаған. Осыған байланысты Колон оныншы раундқа шықпай, қарсыласына дисквалификация арқылы жеңілді.
Алайда жекпе-жектен кейін оның жағдайы күрт нашарлады. Колон киім ауыстыратын бөлмеде өзін жайсыз сезініп, құсып, артынша есінен танып қалған. Ауруханада дәрігерлер оның миына қан құйылғанын анықтап, шұғыл ота жасады.
Боксшы 221 күн бойы комада жатты. Оянғаннан кейін миы қатты зақымданғаны белгілі болды. Содан бері Колонға күнделікті өмірде тұрақты көмек қажет болып, оның күтімі мен оңалуына отбасы жылдар бойы күш салды.
Колон кәсіпқой бокста 16 рет жеңіске жетіп, оның 13-ін нокаутпен аяқтаған. Уильямспен болған жекпе-жек оның мансабындағы соңғы кездесу болды.
2021 жылы Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) Колонға құрметті әлем чемпионы атағын берді. Ал 2016 жылы ұйым желкеге жасалатын тыйым салынған соққыларға қатысты төрешілердің назарын күшейту үшін арнайы нұсқаулық енгізді. Кейін бұл ереже «Prichard Colón Rule» атауымен белгілі болды.
Осылайша, 2015 жылғы жекпе-жектен кейін өмірі түбегейлі өзгерген Притчард Колон 33 жасында дүниеден өтті. Оның жанында осы жылдардың барлығында отбасы болды.
Біздің серіктес: Sport12kz