2 күн бұрын
Өзбекстандық боксшы Баходир Джалолов Азия ойындарына қатыса ма?
Өзбекстандық әйгілі боксшы Баходир Джалолов 2026 жылғы Азия ойындарында ел намысын қорғауы мүмкін. Аса ауыр салмақта спортшының Өзбекстан құрамасымен бірге дайындық өткізіп жүргені белгілі болды.
Өзбекстандық журналист Жалол Ахмедов ұлттық құраманың Азия ойындары алдындағы жаттығуынан видео жариялады. Кадрларда кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген Баходир Джалолов пен Бектемир Меликузиев те бар.
Ахмедовтің мәліметінше, екі боксшы да қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысуы ықтимал. Дегенмен олардың құрлықтық додадағы сапары әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Баходир Джалолов 2024 жылғы Париж Олимпиадасында аса ауыр салмақта алтын медаль жеңіп алып, қатарынан екінші рет Олимпиада чемпионы атанды. Осы жеңістен кейін ол әуесқой бокстағы мансабын аяқтап, кәсіпқой рингке ауысқанын жариялады.
Париж Олимпиадасынан кейін өзбекстандық боксшы кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізді. Боксшы үш айқастың екеуінде төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетсе, бір рет нокаутпен ұтты.
Ал Бектемир Меликузиев кәсіпқой бокстағы соңғы бәсекесін биыл ақпанда өткізген.
Егер Джалолов Азия ойындарына қатысатын болса, оның әуесқой боксқа қайта оралуы болмақ. Ал Меликузиевтің қосылуы Өзбекстан құрамасының сапын тәжірибелі кәсіпқой боксшымен күшейтеді. Ал Қазақстан сапынан аса ауыр салмақта Айбек Оралбай бар.
2026 жылғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.
Біздің серіктес: Sport12kz