2 сағат бұрын

Данияр Елеусінов алкогольге тәуелді болғанын айтты

Данияр Елеусінов алкогольге тәуелді болғанын айтты

Қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов алкогольге әуестігі уақыт өте келе тәуелділікке айналғанын айтты. Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында осы мәселеге байланысты пікір білдіріп, көпшілікті оны сынамауға шақырды.

Данияр Елеусіновтің айтуынша, ішімдікке деген әуестігі Олимпиададан кейін басталған. Кейін бұл әдет күрделі мәселеге ұласқан.

“Олимпиададан кейін алкогольге деген әуестігім пайда болды. Оның қалай ауруға айналып кеткенін өзім де түсінбедім. Бұл күлетін нәрсе емес. Қазір адамдар мені сынап, күліп жатыр. Бірақ мұндай жағдай өз басына түспейінше, адам оны түсінбейді”, – деді Елеусінов Instagram желісіндегі парақшасында.

Боксшы өз жағдайын өзгелердің түсінуі қиын екенін айтып, адамдарды біреуді сынауға асықпауға үндеді.

“Мен әлем чемпионы болдым, Азия ойындарында жеңдім, бәрін ұттым. Бірақ менің сынағым - осы. Әрқайсымыздың өз сынағымыз бар. Бұл - өмір. Сондықтан адамды өзі осындай жағдайдан өтпей тұрып айыптамаңыздар”, — деді Данияр Елеусінов.

Айта кетейік, бұған дейін Данияр Елеусінов жол-көлік оқиғасына тап болып, оқиға орнынан кетіп қалған еді. Сот шешімімен спортшы көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.


Біздің серіктес: Sport12kz