5 сағат бұрын
Төрехан Сабырхан Азия ойындарына қатыспауы мүмкін
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның 2026 жылы Нагояда өтетін Азия ойындарында өнер көрсететіні әзірге анық емес. 70 келі салмақта Қазақстан намысын кім қорғайтыны да әлі шешілген жоқ.
Бұл мәселе спортшының жеке бапкері Ілияс Оралбековтің әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін көтерілді.
«Әлемнің №1 боксшысы неге Азия ойындарына қатыспайды? Мансабындағы жалғыз жеңілісі үшін бе?» – деп жазған бапкер.
Кейін аталған жазба бапкердің парақшасынан өшірілді.
70 келі салмақта Сабырханнан бөлек, тәжірибелі боксшы Абылайхан Жүсіповтің де бар екені белгілі.
Төрехан Сабырхан 2025 жылы Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында 70 келі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол Жапония өкілі Севонретс Оказаваны ұтты.
Ал биыл Ұлан-Батырда ұйымдастырылған Азия чемпионатында Сабырхан күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстанның Азия ойындарына қатысатын боксшыларының толық тізімі әзірге жарияланған жоқ. Сондықтан 70 келіде Нагоя төрінде кім ел намысын қорғайтыны алдағы уақытта белгілі болады. Нагоядағы Азия ойындары 19 қыркүйекте басталады.
Біздің серіктес: Sport12kz