1 күн бұрын
Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы басты мақсатын айтты
Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай кәсіпқой рингтегі дебюті қарсаңында алдағы жекпе-жегі мен мансабындағы мақсаты туралы айтты.
28 тамызда Астанада өтетін IBA Nomad турнирінде Тәшкенбай филиппиндік Нил Хакамоспен жұдырықтасады. Кездесуде бірінші жеңіл салмақтағы IBF Asia чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.
«Алғашқы жекпе-жегімде-ақ белбеу үшін жұдырықтасу – мен үшін үлкен мүмкіндік. Қарсыласымның тәжірибесі бар, соққылары да мықты. Алдағы кездесуде барынша белсенді өнер көрсетіп, рингті қарсыласыма бермеуге тырысамын», – деді боксшы.
Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы басты мақсаты – өз салмағында әлемнің үздігі атану екенін атап өтті. Сондай-ақ ол болашақта жапондық әлем чемпионы Наоя Иноуэмен кездескісі келетінін жеткізді.
«Басты мақсатым – өз салмағымның королі болу. Бір күні Иноуэмен рингте кездескім келеді. Ол маған ең қатты ұнайтын боксшылардың бірі», – деді Санжар Тәшкенбай.
Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай әуесқой бокстан әлем чемпионатында екі рет топ жарып, Азия чемпионы атанған. Енді ол кәсіпқой рингтегі мансабын чемпиондық жекпе-жектен бастағалы отыр.
Біздің серіктес: Sport12kz