3 күн бұрын
Шираз Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартуы мүмкін
WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз Қазақстан өкілі Жәнібек Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өткізудің орнына чемпиондық белбеуден бас тарту мүмкіндігін қарастырып отыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Шираздың титулына міндетті үміткер ретінде бекіткен болатын. Тараптарға келіссөз жүргізу үшін 20 күн берілді. Бұл мерзім 3 қыркүйекте аяқталады.
Алайда британдық боксшы WBO шешімін сынға алып, өткен жылы Әлімханұлының мельдонийге оң допинг-тест нәтижесіне байланысты дисквалификацияланғанын еске салды. Шираздың айтуынша, егер келісімге келу мүмкін болмаса, оның командасы чемпиондық белбеуді бос қалдыру нұсқасын қарастыруы мүмкін.
«Мұны командаммен талқылауым керек. WBO қабылдаған шешім сені тығырыққа тірейді. Соңында сен де олар сияқты ойлай бастайсың. Егер мен осындай шешім қабылдасам, бұл толықтай негізді болар еді. Мен үнемі мораль туралы айтып келемін. Барлығы адал спортшы және әділ спортшыларды қолдайтын адам болуға келіп тіреледі», — деді Шираз Ариэль Хельваниге берген сұхбатында.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы биыл жазда екінші орта салмаққа ауысатынын жариялаған. Бұған дейін қазақстандық боксшы орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған.
Біздің серіктес: Sport12kz