2 сағат бұрын
WBO Әлімханұлы мен Шираз жекпе-жегіне қатысты шешім шығарды
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен британдық Хамза Шираз арасындағы титулдық жекпе-жек бойынша келіссөздер мерзімін тағы бір аптаға ұзартты, деп хабарлайды Sport12.kz.
Top Rank пен Queensberry Promotions ұйымдары жекпе-жек шарттарын келісу жұмыстарын жалғастыру үшін мерзімді ұзарту туралы бірлескен өтініш берген. Осыған байланысты WBO тараптарға келісімге келіп, құжаттарды ұйымға ұсыну үшін 10 қыркүйек, бейсенбі күні сағат 17:00-ге дейін (AST) уақыт берді.
Егер тараптар белгіленген мерзімге дейін ортақ шешімге келе алмаса, WBO чемпиондық титулдар комитеті белгіленген тәртіпке сәйкес промоутерлік сауда (purse bid) өткізуді талап етеді.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 21 шілдеде екінші орта салмаққа (суперорта салмақ) ауысатынын жариялап, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартқан еді.
14 тамызда WBO қазақстандық боксшыны суперорта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Хамза Ширазбен міндетті жекпе-жекке ресми түрде бекіткен болатын. Сол кезде тараптарға жекпе-жек шарттарын келісу үшін стандартты мерзім берілген.
Біздің серіктес: Sport12kz