1 күн бұрын
Абылайхан Жүсіпов Азия ойындарына қатыспайтынына қатысты пікір білдірді
IBA әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарына арналған өтініміне енбей қалды. Оның орнына 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан сынға түседі.
Бокстан Қазақстан құрамасының Азия ойындарына қатысатын құрамы бұған дейін жарияланған еді. Бұл шешім жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсті. Алайда Жүсіпов команда басшылығының таңдауына қатысты пікірін білдіріп, шешімге құрметпен қарайтынын айтты.
“Құрам жарияланды. Бұл – Бокс федерациясы мен команда басшылығының шешімі. Оған қатысты нақты пікір айта алмаймын: қандай шешім қабылданса, солай болады. Ең бастысы – құраманың жақсы нәтиже көрсетуі. Біздің міндетіміз – рингке шығып, жұдырықтасу. Ал жарысқа кімді жіберетінін басшылық анықтайды, біз оған араласа бермейміз”, – деді Абылайхан Жүсіпов.
29 жастағы боксшы алдағы жарыстары туралы нақты ақпарат жоқ екенін де айтты. Оның сөзінше, 2028 жылғы Олимпиадаға дейінгі кезең әуесқой бокстағы соңғы олимпиадалық циклі болуы мүмкін.
“Келесі жарыстарым туралы нақты ақпарат жоқ. Дайындығымызды жалғастыра береміз. Бұл менің соңғы олимпиадалық циклім деп ойлаймын. Осы кезеңді соңына дейін өткізу керек, әрі қарай жағдайға қарай шешім қабылдаймыз”, – деді боксшы.
Айта кетейік, 2028 жылғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасына енгізілген.
Біздің серіктес: Sport12kz