5 сағат бұрын
World Boxing ASOIF бағалауының қорытындысы бойынша басқару сапасын жақсартты
Фото: Қазақстан ҰОК
Халықаралық бокс федерациясы World Boxing жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерациялар қауымдастығының (ASOIF) жаңа бағалауының нәтижесінде басқару сапасының көрсеткіштерін арттырды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Olympic.kz ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.
2026 жылдың наурыз айында жарияланған алдыңғы бағалаумен салыстырғанда World Boxing 35 ұпайға жоғары нәтиже көрсетті. Осылайша ұйымның көрсеткіші 117-ден 152 ұпайға дейін өсті.
Жаңа көрсеткіш ASOIF-тің басқару мәселелері жөніндегі жұмыс тобы қауымдастырылған мүшелер үшін белгілеген 135 ұпайлық межеден де, толыққанды мүшелерге қойылатын 150 ұпайлық талаптан да жоғары. Бағалау нәтижесінде World Boxing ASOIF-тің басқару сапасы жөніндегі жіктеуінде C тобынан B тобына көтерілді.
Бағалау World Boxing ұйымы тамыз айының соңында ұсынған құжаттар негізінде жүргізілді. Материалдарды I Trust Sport ұйымы тәуелсіз түрде тексерді. World Boxing барлық бес бағыт бойынша нәтижесін жақсартқан: ашықтық, адалдық, демократия, даму мен тұрақтылық, сондай-ақ бақылау тетіктері.
Ең жоғары өсім «Ашықтық» бағыты бойынша тіркелді. Мұндағы көрсеткіш 31 ұпайдан 42 ұпайға дейін артты. «Бақылау тетіктері» бойынша нәтиже 19-дан 27 ұпайға, адалдық бойынша 23-тен 29 ұпайға, демократия бойынша 32-ден 37 ұпайға, ал даму мен тұрақтылық бойынша 12-ден 17 ұпайға өсті.
"Бұл нәтиже бойымызға сенім ұялатады, өйткені ол World Boxing ұйымының басқару жүйесі мен институционалдық құрылымын нығайтудағы нақты ілгерілеуді көрсетеді. Біз аз уақыттың ішінде халықаралық федерацияға деген сенім мен оның тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды бағыттардың барлығында айтарлықтай алға жылжыдық.
Соңғы бағалау қол жеткізген жетістіктерімізді айқын әрі тәуелсіз түрде дәлелдеп берді. Ендігі меже - осы қарқынды сақтай отырып, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстарға баса мән беру. Сонымен қатар енгізілген өзгерістерді ұйымның күнделікті жұмысының тұрақты бөлігіне айналдыру өте маңызды.
Бұл мықты әрі сенімді, болашақтың талаптарына сай жұмыс істейтін федерация құру үшін қажет. Сондай-ақ спортшылардың, ұлттық федерациялардың және бүкіл Олимпиада қозғалысының World Boxing ұйымына деген сенімін арттыру маңызды", – деді World Boxing президенті Геннадий Головкин.
ASOIF қорытынды бағаны шығару кезінде халықаралық федерацияның жұмысына нақты енгізіліп, іске асырылған шаралар мен тетіктерді ғана есепке алды. Ал әзірлеу немесе дайындық кезеңіндегі бастамалар соңғы нәтижеге кірген жоқ.
Бұл нәтижелер World Boxing ұйымының 2026 жылғы Конгреске дайындығы кезінде және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дейінгі жұмысында ескерілетін болады.
Жүргізіліп жатқан реформалар Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиада қозғалысын 2032 жылға дейін дамытуға арналған негізгі бағыттарды айқындайтын «Fit for the Future» стратегиясымен де үндеседі.
Еске салсақ, Жапонияда жалауын көтеретін 2026 жылғы Азия ойындарында бокс турнирінің ойын кестесі белгілі болды.
Біздің серіктес: Sport12kz