2 сағат бұрын
Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтарды «екіжүзді» деп атады
Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов танымал файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтардың өзіне жасаған жекпе-жек шақыруына берген жауабына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұған дейін Елеусінов Instagram желісінде Тоқтардың суретін жариялап, онымен рингте кездескісі келетінін айтқан еді.
«Олимпиада чемпионы біреуден төмен деп санайтын осы хайпқұмарды маған беріңіздер. Жарты раунд», — деп жазған Данияр.
Осыдан кейін Еркебұлан Тоқтар видеоүндеу жасап, «Қазақ Громымен» лайықты сыйақы үшін жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
«Даке, егер мені ұру ұстанымға байланысты болса, қазір көпшілік үшін мен «қызыл шүберек» сияқтымын. Мүмкін, сондықтан ол мені ұнатпайтын шығар. Егер мені ұру ұстанымға байланысты міндет болса, Ruh Boxing-ке келіп, жай ғана ұра аласыз. Бұдан ұялмаймын. Олимпиада чемпионына, оның үстіне қазаққа, ағаға жеңілу ұят емес.
Ал халықтың көзінше ұрғыңыз келсе, промоутерлер қалыпты жекпе-жек ұйымдастырсын. Мен барынша төтеп беруге тырысамын. Егер шынымен осындай жекпе-жек керек болса, ақша төлесін, мен жұдырықтасуға дайынмын. Өйткені Даке мені ұрмайынша тынышталмайтын сияқты. Ол Олимпиада чемпионы ғой», — деді Тоқтар.
Еркебұлан Тоқтардың бұл видеосына Данияр Елеусінов kzsports парақшасындағы пікірінде бір сөзбен жауап берді:
«Екіжүзді».
Айта кетейік, Данияр Елеусінов қазір отбасымен бірге АҚШ-та жүр. Ол Астанадағы даулы оқиғадан кейін Қазақстаннан кеткен. Шілде айында боксшы мас күйінде бірнеше жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 20 тәулікке қамалып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.
АҚШ-та Елеусінов ішімдікке тәуелділікпен күресіп жүргенін айтып, бокс мансабын жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Біздің серіктес: Sport12kz