10 сағат бұрын
«Екі жүзді»: Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтарды сынға алды
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желі арқылы жекпе-жекке шақырды.
Данияр Елеусінов Instagram парақшасында Тоқтардың суретін жариялап, оған қатысты өткір жазба қалдырды.
«Олимпиада чемпионын біреуден төмен санайтын мына хайп қуған жігітті маған беріңдер. Жарты раунд», – деп жазды Данияр Елеусінов.
Еркебұлан Тоқтар көп ұзамай оған жауап берді. Ол бокс тұрғысынан Данияр Елеусіновтің өзінен әлдеқайда мықты екенін айтып, жекпе-жекке қатысты өз ойын жеткізді.
«Оған не істегенімді білмеймін. Мүмкін, мені “Мотиватормен” шатастырып жүрген шығар. Оның Олимпиада чемпионы екенін бәріңіз білесіздер. Ол менің деңгейіме түсіп, менімен бокстаспайтыны түсінікті. Дәке, егер мені міндетті түрде ұру керек болса, залға барып, спарринг өткізейік. Құрметті адамға көмектесуге қуаныштымын. Ал егер көпшіліктің көзінше жұдырықтасқысы келсе, промоутерлермен келісу керек», – деді Тоқтар.
Дантяр Елеусіновтің жауабы бір ғана сөз болды: «Екіжүзді».
Екеуі бұған дейін де бірнеше мәрте сөзге келген.
Данияр Елеусінов 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы. Кәсіпқой бокста 13 рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жетті. Оның тоғыз жекпе-жегі нокаутпен аяқталды. Боксшы соңғы рет америкалық Джеймс Бэконды техникалық нокаутпен жеңген.
Еркебұлан Тоқтар кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2022 жылдың желтоқсанында өткізді. Алматыда ол ирандық Амир Яраниді төрт раундтан кейін төрешілердің шешімімен ұтты.
Ал ол 2025 жылдың желтоқсанында Ташкентте өткен жекпе-жекте Тимур Никулинді 48 секундта нокаутқа түсірді.
Биыл ол жалаң жұдырық жекпе-жегіне де қатысты. Наурызда Ереванда өткен Hype Asia турнирінде Марсель Нурланбекке төрешілер шешімімен жеңілді. Ал 4 шілдеде Алматыда ұйымдастырылған IBA Nomad 15 турнирінде Артем Тарасовты бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Біздің серіктес: Sport12kz