2 күн бұрын
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-те емделіп жатыр
Рио Олимпиадасының алтын жүлдегері және кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген отандық саңлақ Данияр Елеусінов әлеуметтік желіде жанкүйерлеріне мәлімдеме жасап, қазіргі уақытта АҚШ-та кешенді ем қабылдап жатқанын жеткізді. Бұл туралы Sport12 sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
IBO нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы бұл процестің тек тамырға дәрі жіберумен ғана шектелмейтінін, дерттен толық айығу үшін арнайы терапиядан өтіп жатқанын айтты.
Боксшы Instagram парақшасында бұған дейінгі тікелей эфирлердегі кейбір орынсыз сөздері мен әрекеттері үшін кешірім сұрап, оның бәрі денсаулығына байланысты болғанын меңзеді.
– Бұл дерттен арылуға шындап кірістім. Жақында қайта сапқа қосыламын. Бұрынғы көңілді әрі бақытты Данияр қайта оралады, - деді спортшы.
Қазіргі таңда Елеусінов отбасымен бірге Америка Құрама Штаттарында жүр және денсаулығын түзеген соң шаршы алаңға қайта шығуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 35 жастағы Данияр Елеусінов кәсіпқой рингте 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен (8 нокаут). Ол өзінің соңғы кездесуін 2025 жылдың 19 шілдесінде Вашингтонда өткізіп, филиппиндік Джеймсон Бэконды екінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірген еді.
Біздің серіктес: Sport12kz