4 сағат бұрын
Нагояда Қазақстан әйелдер құрамасынан алтын жүлде күтемін – бокс сарапшысы
Фото: Наргүл Әбуләліптің жеке мұрағатынан
Бокстан Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, бокс сарапшысы Наргүл Әбутәліп (Боранбаева) Sport12.kz тілшісіне берген сұхбатында 2026 жылғы Азия ойындарындағы қазақстандық боксшылардың мүмкіндігін бағалады.
Ол өз кезегінде ұлттық құрама сапына Олимпиада мен әлем чемпионаттарында ысылған тәжірибелі спортшылар шақырылғанын, сондықтан биылғы додада Қазақстан қоржынына бірнеше алтын жүлде түсетінін айтты.
– Қай кезде де Қазақстан боксы жоғары бағаланады. Қайсыбір жаһандық додада қоржынымыз бос қайтқан емес. Сондықтан жанкүйерлер боксқа ерекше назар аударады. Сол биіктен төмендемес үшін бапкерлер орасан зор еңбек етеді. Шәкірттерінің шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырады. Бұл үзілмейтін үрдіске айналып келе жатқаны қуантады. Кезінде біз де дәл осындай жолдан өттік. Әрбір жетістіктің оңайлықпен келмейтінін білеміз. Бүгінде әлемдік бокстың да қарыштап дамып келе жатқанын ұмытпауымыз қажет.
Азия ойындарын қазақстандық былғары қолғап шеберлері жоғары белес ретінде бағалайды. Өйткені мұнда сары құрлықтың сайыпқырандары бас қосады. Олардың арасында әлемдік деңгейде өзін мойындатқан саңлақтар бар. Сол себепті құрлықтық бәсекеде әрбір кездесуге тыңғылықты дайындық жасаған артықтық етпейді.
Қазақстандық боксшылар дүбірлі додаға жоғары деңгейде дайындалды. Ендігі кезекте олардың алдында еліміздің намысын абыроймен қорғау міндеті тұр.
– Ел құрамасына қанша жүлде бұйырады деп ойлайсыз? Кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз?
– Алдын ала ел құрамасы мынадай жүлде алады деп кесіп-пішіп айту қиын. Өйткені, барлығын шаршы алаңдағы шеберлер бәсекесі шешеді. Десе де ұлттық құрамаға кілең тәжірибелі былғары қолғап шеберлері шақыру алғанын естен шығармауымыз керек. Ендеше, олардың барлығы тәжірибесінің, шеберлігінің, ерік-жігерінің арқасында жеңіс тұғырынан көріне алады. Қазақстандық боксшылар дүбірлі додада өз мүмкіндігін толық пайдаланады деп ойлаймын. Өйткені, олар елдің сенімін ақтауға толықтай күш салады.
Еліміздің ерлер және әйелдер құрамасына зер салсақ, бұдан бұрын талай жарыста атой салған жастарды аңғарамыз. Олардың арасында Олимпиада және әлем чемпионатында жеңіске жеткен саңлақтарымыз бар. Сондықтан бұл жолы біздің еншімізге бірнеше алтын жүлде бұйыратынына зор үмітпен қараймын. Әсіресе Нагояда Қазақстан әйелдер құрамасынан алтын жүлде күтемін. Дегенмен қазақ халқында «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Сол себепті әзірге ешкімді бөле-жара айтпай-ақ қоялық. Барлығының да чемпион атануына мүмкіндігі бар. Тіпті биыл жүлде саны жөнінен алдыңғы орындардың бірі бұйырып қалар деп топшылап отырмын. Осы ретте қазақстандық әрбір боксшыға сәттілік тілеймін.
– Еліміздің былғары қолғап шеберлеріне басты қарсыластар кімдер деп ойлайсыз?
– Жаңа айтқанымдай, әлемде бокс спорты ерекше қарқынмен дамып келеді. Қазір дүние жүзінде әлсіз спортшы жоқ. Көптеген беделді бәсекеде біз ешқандай үміттенбеген боксшылар жеңіске жетіп жатқанын байқаймыз. Ендеше, қай мемлекетте де спорттың бұл түріне жоғары деңгейде көңіл бөлініп, ерекше қарқын алып келеді деп айта аламын.
Әрине, Азияда Қазақстаннан өзге Өзбекстан, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея алда келе жатқанын білеміз. Әсіресе, біздің спортшыларға Өзбекстан, Үндістан құрамаларын негізгі бәсекелес деп айтып жүрміз. Сондықтан біз үшін олармен жекпе-жек ерекше қызығушылық туғызады.
– Қазақстандағы әйелдер боксының даму деңгейін қалай бағалайсыз?
– Шыны керек, ширек ғасырдай бұрын Қазақстанда нәзік жандылар үшін спорттың бұл түрі аса қатты бағаланбайтын. Оған қатысты түрлі жағымсыз пікірлер айтқан кісілер де аз болған жоқ. Біз еліміздегі әйелдер боксының алғашқы қарлығаштары едік. Көптеген жарыста еліміздің абыройын жоғары деңгейде қорғай білдік.
Кейінгі жылдары жоғары деңгейде қарқын алғаны қуантады. Қаншама дарынды спортшылар шықты. Олардың арасында Олимпиада және әлем чемпионатында медаль алғандар бар. Азия чемпионатында да ешқашан есеміз кете қойған жоқ. Оған жақсы қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан Қазақстан әйелдер боксының бағындыратын белесі әлі де алда деп ойлаймын.
Жылдан-жылға талантты жастар өсіп келеді. Қазір жер-жерде шаршы алаң төрінде шеберлігін арттыруға ықылас танытқан бұрымды жандардың артқаны қуантады. Жыл сайын әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты тұрақты түрде өтеді. Бір сөзбен айтқанда, бокстың қыр-сырын меңгерген қыздардың саны артып келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз.
– Еліміздегі бапкерлер қызметі жайында ойыңыз қандай?
– Мен ол кісілердің еңбегін жоғары бағалаймын. Әрбір шәкіртін үйірме есігін ашқан алғашқы күннен жоғары жетістікке қол созғанынша қаншама еңбек етеді. Осындай жанкештіліктің арқасында талантты спортшылар шығып жатыр.
Кезінде әкем Серік Боранбаев біз үшін аянбай еңбек етті. Қаншама есікті қағуына тура келді. Ол кезеңде әйелдер боксына ешкім сене қойған жоқ еді. «Қазақ қыздарына әйелдер боксы керек емес» деп тон пішкендер болды. Алға қойған мақсаттың арқасында сол бапкерлердің еңбегі еш кеткен жоқ. Еліміз бұл жөнінен әлемде алдыңғы орыннан көріне бастады.
Біздің серіктес: Sport12kz