2 күн бұрын
Айбек Оралбай Азиадада «алтын» үшін өзбек боксшысымен кездеседі
Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Аичи және Нагоя қалаларында (Жапония) өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарының финалында Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен кездеседі, деп хабарлайды Sport12.kz.
90 келіден жоғары салмақтағы финалда Оралбай «алтын» медаль үшін жұдырықтасады.
Жахонгир Зокиров жартылай финалда ирандық Амир Эсмаили Вандеиді жеңді. Өзбекстандық боксшы бірінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға түсірсе, екінші раундта тағы бір рет есеп аштырды. Осыдан кейін ирандық боксшының қабағы қатты тілінгеніне байланысты жекпе-жек тоқтатылды.
Зокиров — 2025 жылғы World Boxing әлем чемпионатының күміс жүлдегері және жастар арасындағы 2021 жылғы әлем чемпионы.
Айта кетейік, Айбек Оралбай жартылай финалда Үндістан өкілі Нарендерді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Азиада-2026 ойындарындағы бокстан финалдық жекпе-жектер 2 қазанда өтеді.
Біздің серіктес: Sport12kz