2 күн бұрын
Төрехан Сабырхан Азиада-2026 чемпионы атанды
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Аичи және Нагоя қалаларында (Жапония) өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарының финалында жеңіске жетті.
70 келіге дейінгі салмақтағы шешуші жекпе-жекте Төрехан Сабырхан Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша 5:0 есебімен басым түсті. Осылайша, қазақстандық боксшы Азиада чемпионы атанды. Ишаиш күміс медаль иеленді.
Бұл Қазақстан құрамасының Азиада-2026 ойындарындағы оныншы алтыны болды. Қазіргі таңда ұлттық құрама қоржынында 10 алтын, 19 күміс және 37 қола медаль бар.
Айта кетейік, 20 жастағы Төрехан Сабырхан — World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы. Ал Зеяд Ишаиш сол әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған. Бұған дейін Ишаиш 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері және 2018 жылғы Азиаданың қола жүлдегері атанған.
Біздің серіктес: Sport12kz