2 күн бұрын
Алуа Балқыбекова: «Шаршауды ысырып қойып, намысымызды қорғадық»
Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Алуа Балқыбекова Азиада-2026 ойындарындағы өнері мен жанкүйерлердің қолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Жапонияда өткен Азиада-2026 ойындарында 30 жастағы қазақстандық боксшы 51 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды.
Жартылай финалда Балқыбекова вьетнамдық Нгуен Тхи Тамға 0:5 есебімен есе жіберді. Жекпе-жек үш раундқа созылды. Азиадада үшінші орын үшін жекпе-жек өткізілмейтіндіктен, жартылай финалға шығудың өзі қазақстандық боксшыға қола медальді қамтамасыз етті.
Балқыбекова мен Нгуен Тхи Там бұған дейін де бірнеше рет кездескен. 2022 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында қазақстандық боксшы вьетнамдық қарсыласын жеңіп, кейін финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді. Ал келесі әлем чемпионатында жартылай финалда Нгуен Тхи Там Балқыбековадан басым түсті.
Осылайша, Азиададағы жеңістен кейін олардың өзара кездесулеріндегі есеп 2:1 болып, вьетнамдық боксшының пайдасына өзгерді.
«Қарсыластармен болған жекпе-жектер оңай болған жоқ. Мен мансабым барысында бірнеше рет кездескен боксшылармен жұдырықтастым. Жарыстың сипаты да соны көрсетті: бірде-бір жекпе-жек жеңіл болған жоқ, көпшілігі тартысты өтіп, үш раундқа созылды.
Бүкіл құрамаға үлкен жауапкершілік жүктелді. Біз жеңуге міндетті болдық. Алға ұмтылыс бізге күш берді. Шаршауды ысырып қойып, намысымызды қорғадық және екі қола медаль жеңіп алдық, соның бірі менікі. Енді бұдан да жоғары нәтижелерге ұмтыламыз. Алдағы жоспарымыз — әлем чемпионаты мен Олимпиадаға дайындалу», — деді Алуа Балқыбекова.
Боксшы Жапонияда жүрсе де, отандастарының қолдауын сезінгенін атап өтті. Оның айтуынша, жанкүйерлердің жылы тілектері қосымша күш пен мотивация берген.
«Бізді қолдаған барша жанкүйерге алғыс айтамын! Әлеуметтік желілерде көптеген жылы тілектер мен хабарламалар алдық. Көптеген жанкүйер бізге қолдау көрсету үшін аренаға да келді. Федерация тарапынан да зор қолдау сезіндім. Ең бастысы, халықтың шынайы қолдауын сезіну бізге қажетті күш берді», — деді ол.
Осылайша, Алуа Балқыбекова Азиада-2026 ойындарын қола медальмен аяқтап, енді әлем чемпионаты мен Олимпиадаға дайындықты басты мақсат етіп отыр.
Біздің серіктес: Sport12kz