1 күн бұрын

Қазақстандық үш боксшының рингке оралатын күні анықталды

Қазақстандық үш боксшының рингке оралатын күні анықталды

Қазақстандық боксшылар Армат Арманұлы, Санатали Төлтаев және оның ағасы Саматали Төлтаевтың шаршы алаңға қайта шығатын күні белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.

Үш спортшы да келесі жекпе-жегін 31 қазанда Ақтөбеде өтетін бокс кешінде өткізеді. Боксшылардың қарсыластары әзірге жарияланған жоқ.

Кәсіпқой бокста 7 жеңіс, 1 жеңілісі және 5 нокауты бар Армат Арманұлы соңғы кездесуін 25 шілдеде Алматыда өткізді. Ол ресейлік Харон Запольскийді техникалық нокаутпен жеңген.

Ал Саматали Төлтаев сол бокс кешінде филиппиндік Гэри Тамайоны төрешілердің бірауызды шешімімен ұтты. Оның кәсіпқой рекорды — 8 жеңіс, жеңіліссіз, 4 нокаут.

Санатали Төлтаев соңғы жекпе-жегін өткен жылдың тамызында Эр-Риядта өткізген. Қазақстандық боксшы украиналық Данило Лозануға жеңіліп қалған. Оның қазіргі рекорды — 4 жеңіс, 1 жеңіліс, 2 нокаут.

Осылайша, үш боксшы да 31 қазанда Ақтөбедегі кеште шаршы алаңға қайта оралады.



Біздің серіктес: Sport12kz