10 сағат бұрын
Қазақстандық боксшы UBO Continental титулын иеленді
Қазақстандық боксшы Айдос Тастаев Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен бокс кешінде UBO Continental (Asia) белбеуін жеңіп алды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бірінші орта салмақтағы бос тұрған титул үшін өткен жекпе-жекте Тастаев үндістандық Санджай Кумармен кездесті. Бастапқыда оның қарсыласы Сураж Сингх болуы тиіс еді, алайда жекпе-жекке аз уақыт қалғанда Кумар оның орнын басты.
Қазақстандық боксшы кездесуді нокаутпен аяқтады. Тастаев сәтті комбинация орындап, қарсыласын рингке құлатты.
Бұл Айдос Тастаевтың кәсіпқой бокстағы 19-жекпе-жегі болды. Үндістандағы кездесуге дейін оның рекорды 10 жеңіс және 8 жеңілістен тұрған.
Айта кетейік, Тастаев бұған дейін де UBO Continental (Asia) титулына таласқан. 2025 жылдың қыркүйегінде Ургенчте өткен чемпиондық жекпе-жекте ол Джитендер Тхакурға жеңіліп қалған болатын.
Осылайша, Айдос Тастаев мансабында алғаш рет UBO Continental (Asia) чемпионы атанды.
Біздің серіктес: Sport12kz