4 сағат бұрын
Владислав Саможонов: Әлем чемпионаты – биылғы жылдың басты жарысы
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Бокстан U19 санатында Азия чемпионы атанған, аса ауыр салмақтағы көшбасшылардың бірі Владислав Саможонов алдағы әлем чемпионатына дайындық барысы туралы айтып, жарысқа қатысты ойын бөлісті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
«Оқу-жаттығу жиыны әлем чемпионатының алдында жақсы өтіп жатыр. Бақыт Сәрсекбаев бапкеріміз бізге үлкен жүктеме беріп жатыр. Енді осы дайындық барысында алған жүктемемізбен әлем чемпионатына аттанамыз.
Бұған дейін Азия чемпионатының алдында да Түркістанда екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізген едік. Енді әлем чемпионатының қарсаңында осында келіп, жақсы дайындалып жатырмыз.
Әлем чемпионатының алдында спаррингтер де өткіздік. Жаттығу жекпе-жектері жақсы өтті. Құрама сапында әртүрлі салмақ дәрежесінде 10 боксшы бақ сынайды.
Әлем чемпионаты – өте жоғары деңгейдегі, маңызды жарыс. Қарсыластар да көп болады. Өзбекстан, Ресей, Украина және басқа да елдердің боксшылары қатысады. Сондықтан бәсеке жоғары болады деп ойлаймын», – деді Владислав Саможонов.
Айта кетейік, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жетекшілік ететін U19 ерлер құрамасы 27 қыркүйек пен 13 қазан аралығында Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
World Boxing ұйымы әлем чемпионатын өз тарихында екінші рет Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырады. Жаһандық дода 15–27 қазан аралығында өтеді. Чемпионатқа әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысады.
Еске салсақ, бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Жазғы Азия ойындарындағы нәтиже жөнінде пікірін білдірді.
Біздің серіктес: Sport12kz