6 сағат бұрын
«Қайсар» бапкерсіз қалуы мүмкін
Қазақстан Премьер-лигасының 6-туры аясында «Қайсар» өз алаңында «Алтайды» қабылдады. Турнирлік кестенің төменгі бөлігінде тұрғанына қарамастан, қызылордалық ұжым бұл кездесуде айқын фаворит саналған еді. Алайда «қасқырлар» бұл жолы да жеңіске жете алмай, тек бір ұпаймен шектелді.
Кездесуден кейін «Қайсар» командасының бас бапкері Андрей Ферапонтов ойын барысына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, матчтың алғашқы бөлігі команда үшін өте сәтсіз өткен.
— Ойынның басы өте қиын болды. Алғашқы 20 минутта көп қателестік, пас беруде де, доп үшін күресте де, жалпы барлық эпизодта қарсыласқа есе жібердік. Кейін барып ойынға кірісіп, қарқынымызды таба бастадық, — деді маман.
Сонымен қатар, бас бапкер өз болашағына қатысты да ашық мәлімдеме жасады.
— Жұмыстан кету мәселесі бойынша команда басшылығымен және облыстық спорт басқармасымен сөйлесемін. Егер олар менің жұмысыма көңілі толмаса, сәтсіз серияға мені кінәлі деп тапса, еш қиналмастан жұмыстан кетуге дайынмын, — деді Ферапонтов.
Алты турдан кейін «Қайсар» 4 ұпаймен 13-орында тұрса, «Алтай» 3 ұпаймен турнир кестесінің 14-сатысында орналасқан.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан