2 сағат бұрын
«Біз тоқалдан тудық па?»: танымал сарапшы Нұрбол Жұмасқалиевтің қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді
ЖИ-мен жасалған коллаж
Осыдан бірер күн бұрын «Тобыл» клубының бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев бас бапкер қызметінен кетті.
Маусым енді ғана басталған тұста бапкерлік құрамға қатысты шешімнің қаншалықты дұрыс болғаны – қазір көпшілікті толғандырып отырған сұрақ. Мұндай кезде әдетте асығыс қадам жасамай, белгілі бір уақыт беріп, команданың толыққанды ойын өрнегін қалыптастыруына мүмкіндік жасаған жөн еді деген пікір басым. Танымал футбол сарапшысы Болат Есмағамбетовтің де пікірі осыған саяды:
«Нұрбол былтыр да командамен жұмыс істеді. Сол кезеңде ұжым белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп, ойын жүйесі де біртіндеп қалыптасып келе жатқандай көрінген. Сондықтан «сол жетістікті жалғастыруға мүмкіндік беруге болмас па еді?» деген заңды сұрақ туындайды. Меніңше, оған уақыт беру керек еді. Кем дегенде бірінші айналым аяқталғанша сабыр сақтаған дұрыс болатын».
Маман барлық жауапкершілікті бас бапкерге ғана артып қою дұрыс емес деп санайды.
«Мәселенің түп-төркіні тек бапкерде емес. Командадағы селекциялық саясат та өз әсерін тигізбей қоймады. Қазіргі таңда трансферлік жұмыстармен негізінен клуб басшылығы мен спорттық директор айналысатыны белгілі. Ал дәл осы бағытта кемшіліктер кеткені байқалады.
Өткен маусымда команданың шабуыл шебінде нәтижелі ойнаған бірқатар футболшы кеткеннен кейін олардың орнын басатын футболшылар алынған жоқ. Мәселен, алдыңғы шепте ойынды алға сүйреп жүрген негізгі ойыншылардың кетуі командаға айтарлықтай әсер етті. Сол футболшылардың орнына шақырылғандар күткен деңгейде ойнай алмай жүр. Бұл жерде «неге сол нәтижелі футболшылармен келісімшарт ұзартылмады?» деген сұрақ та орынды. Осындай шешімдердің салдары команда ойынына тікелей әсер еткені анық», – деді Есмағамбетов.
Сарапшының сөзінше, жауапкершілікті тек бас бапкерге артып қою дұрыс емес. Мұнда клуб басшылығы мен спорт директорының да үлесі бар. Өйткені қазіргі футболда нәтиже – тек бапкердің емес, бүкіл құрылымның жұмысының жемісі.
«Қазір командаға ресейлік маман шақырылып, ол өзімен бірге көмекшілерін де ала келді. Демек, жаңа жаттықтырушылар штабына маусым соңына дейін толық мүмкіндік берілетіні түсінікті. Егер нәтиже болса – жалғастырады, болмаса – тағы өзгеріс болуы мүмкін.
ДегенменНұрболға көбірек уақыт беру керек еді деп санаймын. Оның командаға сіңірген еңбегі бар, ұжымды белгілі бір деңгейге дейін жеткізді. Тек осы жолы қолы жүрмей қалды. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, жергілікті мамандарға сенім артудың да маңызы зор.
Қалай болғанда да, футболда мұндай өтпелі кезеңдер жиі кездеседі. Ең бастысы – жүйелі жұмыс пен дұрыс басқару. Сонда ғана тұрақты нәтиже келеді», – деп толықтырды ол.
Жалпы, шетелдік мамандарды шақыру мәселесі қазақ футболында әлі де өзекті тақырыптардың бірі екені анық. Болат Есмағамбетовтің сөзінше, нәтиже көрсетпеген немесе өз елінде сұранысқа ие болмаған бапкерлердің Қазақстанға келіп жұмыс істеуі жиі кездеседі. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: неге біз шетелдік немесе көрші елдердің мамандарына соншалықты сенім артамыз? Бұл – отандық бапкерлерге деген сенімсіздік пе, әлде белгілі бір психологиялық комплекс пе? Құдды «сырттан келген маман біздікінен мықты» деген түсінік қалыптасып қалғандай. Ардагер футболшының пікірінше, бұл мәселенің астарында бірнеше фактор жатыр.
«Біріншіден, шетелдік бапкерлер келгенде, олар көбіне клуб ішіндегі проблемаларды шешуге емес, белгілі бір уақыт жұмыс істеп, өз келісімшартын орындап, кейін елден кетуге бейім болады, яғни ұзақмерзімді нәтиже емес, қысқа мерзімді міндет алға шығады.
Екіншіден, бүгінгі таңда Қазақстанға жоғары деңгейдегі, сұранысқа ие мамандар келіп жатыр деу қиын. Керісінше, өз елінде немесе басқа лигаларда талапқа сай болмаған бапкерлердің келуі жиі байқалады. Бұл да отандық футболға деген көзқарасты төмендетуі мүмкін.
Ал ең басты мәселе – өз мамандарымыздың бағаланбауы. Қазақстанда білікті, тәжірибелі жаттықтырушылар аз емес. Олар өз жұмысын жақсы біледі, бірақ көп жағдайда ақпарат құралдарында көріне бермейді, өздерін жарнамаламайды. Соның салдарынан клубтар оларды екінші қатарға ысырып, шетелдік мамандарға басымдық береді», – деп ашынды маман.
Сарапшының айтуынша, шетелдік мамандар мен жергілікті мамандарға ұсынылатын жалақының мөлшерінде де айырмашылық жер мен көктей.
«Бұл – өз кадрларымызды бағаламаудың бір көрінісі. «Неге сырттан келген бапкерге 50 мың доллар төлеп, маған неге тек 5 мың доллар ұсынасың?» деп сұрасаң, «олар шетелдіктер ғой» деп ақталады. Бұл жауап емес. Федерацияда да молдовалық мамандар жүр, ол қандай жетістікке жетіпті? Неге біз өзімізді кемсіткенді, өз-өзімізді төмендеткенді жақсы көреміз? Сонда не, біз тоқалдан тудық па? Біз бір-бірімізді менсінбесек, сырттан келген молдовалық маман бізді қайдан адам көрсін?!
Тағы бір маңызды жайт – келісімшарт мәселесі. Шетелдік мамандармен көбіне ұзақ мерзімді келісім жасалса, жергілікті бапкерлерге қысқа мерзімді мүмкіндік беріледі. Ал бұл тұрақты нәтиже көрсетуге кері әсер етеді.
Мұндай жағдайда отандық мамандардың мотивациясы да төмендеуі заңды. Өйткені олардың еңбегі көбіне толық бағаланбайды, ал сырттан келген мамандарға басымдық беріледі», – деді ол.
Қалай десек те бұл мәселе тек бір клубтың емес, жалпы қазақстандық футболдың жүйелі проблемасы. Ал оны шешу үшін ең алдымен өз мамандарымызға сенім артып, ұзақмерзімді стратегия қалыптастыру қажет.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан