5 сағат бұрын
Жозе Моуринью «Реалға» қайта оралады
Португалиялық маман Жозе Моуринью мадридтік «Реалға» қайта оралуы ықтимал. Шетелдік БАҚ мәліметінше, қазіргі таңда лиссабондық «Бенфика» бапкермен 17 мамырға дейін қоштасуды жоспарлап отырған жоқ.
Дегенмен, осы күннен кейін тараптар келіссөзді жеделдетуі мүмкін. Мәліметке сәйкес, «Бенфика» клубы Моуриньюдің кетуіне байланысты қаржылық талаптарын да белгілеп қойған. Егер португалиялық маман «Реалға» ауысса, мадридтік клуб 6 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуі қажет болады.
Қазіргі таңда 63 жастағы бапкер «Реал» басшылығымен келіссөз жүргізіп жатыр. Тараптар Моуриньюдің Мадридке қайта оралу мүмкіндігін талқылауда.
17 мамыр — келіссөздегі басты күндердің бірі. Дәл осы күні «Бенфика» маусымдағы соңғы ойынын өткізіп, сырт алаңда «Эшторилмен» кездеседі. Лиссабондық клуб қазір «Спортингпен» бірге Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама үшін күрес жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Жозе Моуринью мадридтік «Реалды» 2010-2013 жылдары жаттықтырған. Осы аралықта командамен бірге Испания чемпионатын, ел кубогын және Суперкубогын жеңіп алған.
Қазір «Реалды» Альваро Арбелоа жаттықтырады. Оның жетекшілігімен мадридтік клуб Ла Лигада 77 ұпаймен екінші орында келеді. Ал чемпиондықты мерзімінен бұрын «Барселона» жеңіп алған.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан