5 сағат бұрын
Ресми: Ұлықбек Асанбаев «Тұранның» бас директоры болды
Фото: «Тұран» футбол клубы
«Тұран» футбол клубының басшылығына қазақстандық футболдағы үздік менеджерлердің бірі - Ұлықбек Пахритдинұлы Асанбаев қосылды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ұлықбек Асанбаевтың есімі футбол жанкүйерлеріне алаңда және одан тыс маңызды жетістіктерімен жақсы таныс. Футболшы ретінде ол «Қайрат», «Ақтөбе» және «Жеңіс» клубтарының құрамында Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды, Өзбекстанның екі дүркін чемпионы болды, Қазақстан Суперкубогының иегері, сондай-ақ Қазақстан Кубогының екі дүркін жеңімпазы атанды.
2012 жылы Ұлықбек Пахритдинұлы Асанбаев қарағандылық «Шахтер» клубының спорт директоры болып тағайындалды. Жұмысының алғашқы жылында клуб Қазақстан чемпионы атанды.
2013 жыл тек клуб үшін ғана емес, отандық футбол үшін тарихи жыл болды. Қазақстан футболының 100 жылдығы аталып, сол жылы «Шахтер» Суперкубок пен Қазақстан Кубогын жеңіп алды, ал команданы Қазақстан Республикасының Президенті мен әлемдік футбол аңызы Мишель Платини арнайы келіп марапаттады.
Сол жылы қарағандылық «Шахтер» қазақстандық футбол тарихында алғаш рет УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, мұндай жетістікке жеткен алғашқы ел клубы атанып, қазақстандық футбол тарихында маңызды із қалдырды.
2022 жылғы маусымда «Ордабасы» ФК басшылығында жұмыс істей отырып, клуб тарихындағы екінші Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Ал 2023 жылы Ұлықбек Асанбаев клуб тарихындағы алғашқы чемпиондыққа қол жеткізуге үлес қосты.
2025 жылдың жазында ол қайта жанданғаннан кейін Қазақстан Премьер-Лигасына оралу міндеті қойылған павлодарлық «Ертіс» клубына қосылды. Маусым қорытындысы бойынша қойылған мақсат сәтті орындалып, Қазақстанның бес дүркін чемпионы қайтадан ел футболының элитасына оралды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан