18 сағат бұрын
«Ақтөбені» тақырға отырғызбақ болған грузин, Важа Тархнишвилидің құпиясы
Биыл 2 мамырда спорт директоры қызметіне тағайындалған грузиялық маман Важа Тархнишвили бір айға да жетпей клубтан кетіп қалғаны белгілі болды.
Бұрын Молдованың «Шериф» клубында жұмыс істеген функционерге команда ішіндегі жағдайды тұрақтандыру, жазғы трансферлік науқанды ұйымдастыру және құрамды күшейту міндеті жүктелген. Алайда жұмыс барысында клуб басшылығы мен спорттық блок арасында келіспеушіліктер туындаған.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, даудың негізгі себебі – спорт директордың трансферлер мен клуб ішіндегі жұмыстар арқылы ақша жасамақ болғаны. Оған дәлел ретінде жазғы трансферлер келтіріледі. Кейбір ойыншыларды клубқа агенттер мен делдалдар тізбегі арқылы әкелу жоспары болғаны, соның салдарынан футболшылардың құны бірнеше есе қымбаттап кетуі мүмкін екені жөнінде күмән туындаған. Бұл, әрине, қазақ футболында ақша жасаудың ең оңай әрі үйреншікті тәсілі.
Шерифте тек үш агентпен жұмыс істеген, Истрати, Бусуйок және Лапич. Клубқа футболшы әкелу үшін міндетті түрде осы агенттердің бірі арқылы келісім жасау қажет болған. Өйткені Важа дәл осы үш агентке ғана сенген. Себебі дәл осы адамдар арқылы футболшылардың трансферлерінен комиссия бөлісу схемасы жұмыс істеген.
Осындай жағдайлардан кейін клуб ішінде жекелеген процестерге қосымша тексеріс басталғаны хабарланды.
Важа Тархнишвили осы тексеріс басталар алдында елден кетіп қалған. Ақпаратқа сәйкес, ол күтпеген жерден заттарын жинап, Түркияға ұшып кеткен. Маман клуб басшылығын алдын ала хабардар етпестен жұмыс орнын тастап кеткен. Нәтижесінде кейбір бөлінген қаражат нақты қажет жеріне жетпеген. Бұл жағдай бұған дейін «Шериф» клубындағы қызметіне қатысты да айтылған еді. Грузиялық маман кезінде клуб қатты құлдырауға ұшырағанын, қаражаттың қажетті жерге жетпегенін жанкүйерлер әлі де еске алады. Кейбір жанкүйерлердің пікірінше, «Шериф» кеткенде грузиялық маман қаржылық заңсыздықтарға байланысты ұсталған. Тіпті қазір оның Приднестровье аумағында жүруінің өзі мүмкін емес деген әңгімелер айтылып жүр.
Қазір клуб басшылығы орын алған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға ниетті. Ал Важа Тархнишвили төңірегіндегі оқиғаның жалғасы алдағы уақытта белгілі болуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан Премьер-лигасының 11 турында «Ақтөбе» 15 ұпай жинап, турнир кестесінде жетінші орында тұр.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Ерғали Бағдаулет