3 сағат бұрын
Талғат Байсуфинов жолдастық ойынның алдында мәлімдеме жасады
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Шымкентте басталған оқу-жаттығу жиыны туралы пікір білдіріп, қазіргі құрамды таңдаудың себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстандық маман маусым айындағы жолдастық кездесулер күзде өтетін маңызды ойындар алдындағы маңызды сынақ болатынын атап өтті.
«Маусым айында бізді Армения және Мажарстан құрамаларына қарсы екі матч күтіп тұр. Бұл күзгі ойындар алдындағы соңғы дайындық кезеңі. Қазір Шымкентте барлық жағдай жасалған, атмосфера да керемет. Жас ойыншылар өз мүмкіндіктерін көрсетіп жатыр, құрамда бәсекелестік жоғары.
Құрамаға шақырылмаған футболшылар жағдайды дұрыс түсінуі керек: біздің есігіміз әрдайым ашық. Алдағы матчтарда жаңа ойыншыларға мүмкіндік береміз. Ең бастысы – олардың ұлттық құраманың атмосферасымен танысып, күзге қарай қандай бәсекелестік болатынын сезінуі. Құрамға ең мықты әрі сол сәтте ең үздік спорттық бабында жүрген футболшылар енеді», – деді Байсуфинов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы маусым айында сырт алаңда екі жолдастық матч өткізеді. 6 маусым күні Ереванда Армения құрамасымен кездессе, 9 маусымда Дебрецен қаласында Мажарстан құрамасына қарсы ойнайды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов