02.06.2026
Криштиану Роналду әлем чемпионы атанса да, оған түпнұсқа кубок берілмейді
Фото:Gettysport
Футбол тарихындағы ең құнды жәдігерлердің бірі саналатын әлем чемпионатының алғашқы кубогі Жюль Риме трофейі екі рет ұрланған.
Алғашқы оқиға 1966 жылы Англияда өткен әлем чемпионаты қарсаңында болды. Көрмеге қойылған кубок белгісіз біреулердің қолына түсіп, бүкіл ел бойынша іздеу жұмыстары басталды.
Бір аптадан кейін трофейді Лондон қаласындағы бақтардың бірінен Пиклз атты ит тауып алған. Бұл оқиға спорт тарихындағы ең қызықты әрі ерекше оқиғалардың бірі ретінде тіркелді.
Жюль Риме кубогі 1970 жылы үшінші мәрте әлем чемпионы атанған Бразилия құрамасына мәңгілікке өздеріне сақтауға берілген еді.
Алайда арада 13 жыл өткен соң трофей тағы да ұрланды. 1983 жылы ол Бразилия футбол конфедерациясының штаб-пәтерінен қолды болды.
Екінші ұрлықтан кейін әйгілі кубок табылған жоқ. Тергеушілер оның балқытылып жіберілген болуы мүмкін екенін айтқанымен, трофейдің нақты тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз.
Айта кетейік, қазіргі таңда әлем чемпиондарына табысталатын кубок Жюль Риме трофейінен өзгеше.
1974 жылдан бері қолданылып келе жатқан FIFA World Cup Trophy 18 караттық алтыннан жасалған. Оның биіктігі 36,8 сантиметрді, ал салмағы 6,1 келіні құрайды. Кубоктің төменгі бөлігі жасыл малахит тасымен безендірілген.
Дегенмен әлем чемпиондары түпнұсқа кубокты өздерінде сақтап қалмайды. Трофей FIFA ұйымының меншігі болып саналады. Сондай-ақ марапаттау рәсімінен кейін қайта қайтарылады.
Ал жеңімпаз құрамаға арнайы дайындалған көшірме нұсқасы табысталады.
Бүгінде FIFA World Cup Trophy әлемдегі ең танымал спорттық жүлделердің бірі. Ал жоғалып кеткен Жюль Риме кубогі футбол тарихындағы ең әйгілі жоғалған жәдігер мәртебесін сақтап келеді.
Сол себепті 2026 әлем чемпионатында Португалия құрамасы жеңіске жеткен күннің өзінде Криштиану Роналдуға түпнұсқа кубок табысталмайды.
Авторы:Ақерке Өмірхан
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан