02.06.2026
«Бізде жоғалтатын ештеңе жоқ»: Каннаваро Өзбекстанның әлем чемпионатындағы басты мақсатын ашық айтты
©️Uzbekistan Football Association
Әлем чемпионы ретінде футбол тарихында өз есімін қалдырған Фабио Каннаваро енді Өзбекстан құрамасын жаңа белеске бастап барады.
2026 жылғы әлем чемпионаты ел футболы үшін тарихи оқиға болмақ: өзбек құрамасы тұңғыш рет жаһандық додаға қатысады. Канадамен өткен жолдастық кездесуден кейін ұлттық құраманың бас бапкері команданың қазіргі жағдайы, ойын философиясы және әлем чемпионатындағы мақсаттары туралы кеңінен әңгімеледі.
– Канадамен өткен кездесудің нәтижесіне қандай баға бересіз?
– Футболда қателіксіз ойын болмайды. Мұндай қателіктерді ресми матчтарда емес, дәл осындай жолдастық кездесулерде жіберген дұрыс. Бірінші таймда командамыз жинақы әрі агрессивті ойнады. Мен ойыншылардан жоғары қарқын күттім. Сол сенім ақталды. Ал екінші таймда допқа көбірек иелік етуге тырыстық, бірақ қарқынымыз төмендеп, бірнеше қателікке жол бердік. Мұндай деңгейдегі қарсыластар қателікті кешірмейді.
– Команданың ойын мәнеріне көңіліңіз тола ма?
– Мен келген күннен бастап жоғары қарқынмен ойнауды талап етіп келемін. Азия футболы мен халықаралық футболдың айырмашылығы үлкен екенін жақсы білемін. Сондықтан біз ойын қарқынын арттыруға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бірінші таймда көптеген оң тұстарды көрдім және бұл мені қуантады.
– Канада құрамасының деңгейін қалай бағалайсыз?
– Соңғы үш-төрт жылда Канада футболы айтарлықтай дамыды. Бұл елде футболдың танымалдығы артып келеді. Құрамаларында өте талантты ойыншылар көп. Сондықтан бұл кездесу біз үшін маңызды сынақ болды.
– Ойын барысында жарақат алған футболшылар бар ма?
– Әзірге ауыр жарақаттар тіркелген жоқ. Алдағы бірнеше күнде медициналық тексерулерден кейін нақты ақпарат белгілі болады. Бүгінгі матчтағы ең үлкен сынақтың бірі суық ауа райы болды деп ойлаймын. Соған қарамастан жанкүйерлердің қолдауы бізге ерекше күш берді.
– Әлем чемпионатындағы қарсыластарыңыз – Португалия, Колумбия және Конго туралы не айтасыз?
– Бұл өте мықты құрамалар. Олардың екеуі әлемдегі ең үздік командалардың қатарына кіреді. Бізді қиын ойындар күтіп тұрғанын жақсы түсінеміз. Бірақ ойыншыларыма үнемі бір нәрсені айтамын: бізде жоғалтатын ештеңе жоқ. Бұл – Өзбекстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионаты. Сондықтан қорықпай ойнап, осы сәттен ләззат алуымыз керек.
– Құраманың көшбасшыларының бірі Абдуқодир Хусанов туралы пікіріңіз қандай?
– Хусанов – өте талантты футболшы. Оның әлеуеті зор. Кейде шамадан тыс агрессивтілік танытып жатады, бірақ ол ойын жағдайларын жақсырақ оқуды үйреніп келеді. Қорғаушы ретінде өте мықты ойыншы және әлі де айтарлықтай дамуға қабілетті.
– Хусниддин Әлікұловтың жарақаты командаға қаншалықты әсер етеді?
– Біз өте маңызды қорғаушымыздан айырылдық. Ол мені алғаш күннен-ақ таңғалдырған футболшылардың бірі болды. Оның жарақаты өкінішті жағдай. Бірақ біз медициналық штабпен бірге оның тезірек сауығып, келесі Азия кубогына дейін қатарға қосылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты Өзбекстан футболы үшін жаңа дәуірдің басталуын білдіреді. Ұлттық құрама іріктеу кезеңінде тұрақты ойын көрсетіп, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Бұл жетістік елдегі футбол инфрақұрылымының дамуы мен жас ойыншылар буынының қалыптасуының нәтижесі ретінде бағалануда.
Америка Құрама Штаттары, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатында Өзбекстан K тобында өнер көрсетеді. Команданың қарсыластары – Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасы. Сарапшылар топтағы фавориттер ретінде Португалия мен Колумбияны атағанымен, Каннаваро шәкірттері турнирге сеніммен аттануда.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан