3 күн бұрын
ФИФА әлем чемпионаты алдында жаңа ережелерді бекітті
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында жаңа ережелер күшіне енеді. Оларды Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесі (IFAB) бекітті.
Өзгерістер VAR жүйесінің жұмысына, ойыншылардың тәртібіне, ауыстыру рәсіміне, уақыт созуға қарсы шараларға және медициналық көмек көрсету тәртібіне қатысты болмақ.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – VAR өкілеттігінің кеңеюі. Енді бейнеассистенттер даулы голдар, пенальти және қызыл қағаздармен қатар, қате көрсетілген екінші сары қағаз, тәртіп бұзған ойыншыны дұрыс анықтамау және қате тағайындалған бұрыштама жағдайларына да араласа алады. Сонымен қатар стандартты жағдайлар кезінде доп ойынға қосылғанға дейін болған ереже бұзушылықтарға назар аударту мүмкіндігі беріледі.
Тәртіптік талаптар да күшейтілді. Жанжал кезінде аузын қолымен, жейдесімен немесе басқа да жабдықпен әдейі жауып сөйлеген футболшылар қызыл қағаз алуы мүмкін. Сондай-ақ төреші шешіміне наразылық білдіріп алаңнан шығып кеткен ойыншылар да алаңнан қуылады. Егер команда матчты өз еркімен тоқтатса, оған техникалық жеңіліс жазылады.
Уақыт созуға қарсы жаңа талаптар енгізіледі. Аут лақтыру және қақпадан доп ойынға енгізу кезінде төрешілер бес секундтық көзге көрінетін кері санауды қолданады. Белгіленген уақыт ішінде аут орындалмаса, доп қарсыласқа беріледі. Ал қақпадан доп ойынға енгізу созылып кетсе, қарсылас команда бұрыштама орындау құқығына ие болады.
Ойыншыларды ауыстыру тәртібі де өзгереді. Ауыстыру туралы белгі берілгеннен кейін футболшы 10 секунд ішінде алаңды ең жақын бүйір немесе қақпа сызығы арқылы тастап шығуы тиіс. Бұл талап орындалмаса, оның орнына шығатын ойыншы матч қайта басталғаннан кейін бір минут өткен соң және келесі тоқтауда ғана алаңға кіре алады.
Медициналық көмек көрсетуге қатысты да жаңа ереже енгізілді. Алаңда көмек алған футболшылар ойын қайта басталғаннан кейін кемінде бір минут алаң сыртында қалуы керек. Бұл талап қақпашыларға, басынан жарақат алғандарға және кейбір ерекше жағдайларға қолданылмайды.
Сондай-ақ әлем чемпионатының әр таймында міндетті түрде үш минуттық су ішу үзілісі болады. Бұл үзілістер ауа райына қарамастан барлық матчта өткізіледі.
ФИФА жаттықтырушылардың қосымша нұсқау беру үшін ойыншылардың жарақатын пайдалануы сияқты тактикалық айлалармен де күресуді көздеп отыр.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Тарихта алғаш рет әлем біріншілігіне 48 құрама қатысады.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан