4 сағат бұрын
Дастан Сәтпаев жыл спортшысы атанды
Фото:ҚФФ
Алматыда спорт және бизнес саласындағы үздіктерді анықтайтын ұлттық Metaratings Top Awards сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқауда халықтық дауыс беру мен қазылар алқасының шешімі негізінде үздіктер анықталды.
2025 жылдың үздік спортшысы атағына «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев ие болды. Ал алматылық клубтың қақпашысы Темірлан Анарбеков «Жылдың үздік жас спортшысы» атанды. Сонымен қатар «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин үздік бапкер номинациясында жеңімпаз деп танылды.
Дастан Сәтпаев өткен маусымда бірқатар тарихи жетістіктерге қол жеткізді. 16 жастағы футболшы Англияның «Челси» клубынан ұсыныс алып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Копенгаген» қақпасына гол соқты. Нәтижесінде ол турнирдің негізгі кезеңінде гол соққан алғашқы қазақ футболшысы атанды. Сондай-ақ Чемпиондар лигасы тарихында гол соққан ең жас ойыншылардың қатарына енді.
Бұдан бөлек, Сәтпаев Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгия қақпасын дәл көздеп, ұлттық құраманың ең жас гол авторы рекордын жаңартты.
Ал Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының алтыншы турында «Олимпиакосқа» қарсы кездесуде жарқын ойын өрнегін көрсетіп, матчтың үздік ойыншысы (MVP) атанды. Осылайша ол Чемпиондар лигасында мұндай атаққа қол жеткізген алғашқы қазақстандық футболшы болды.
Рафаэль Уразбахтин 2024 жылғы маусымда «Қайратты» Қазақстан чемпионы атандырып, командамен келісімшартын 2027 жылдың соңына дейін ұзартқан.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан