6 сағат бұрын
“Қарсылас та қиын, кесте де күрделі” — Григорий Бабаян
Фото:»Астана» фк
«Астана» клубының бас бапкері Григорий Бабаян УЕФА Конференциялар лигасы іріктеу кезеңінің бірінші айналымындағы жеребе қорытындысы бойынша пікір білдірді.
Бапкердің айтуынша, елордалық клубқа тәжірибелі әрі мықты қарсылас түскен.
“Бізге өте мықты қарсылас түсті. «Динамо Сити» – Албания футболында орны бар, тарихы қалыптасқан, кубок жеңіп алған команда. Құрамында тәжірибелі легионерлер мен жергілікті футболшылар бар. Команданы білікті маман жаттықтырады. Бұл командамағн бұған дейін «Балканиға» қарсы ойында кездескенбіз. Оның командалары әрдайым ұйымшыл әрі тактикалық тұрғыдан сауатты ойнайды”, – деді Бабаян.
Сонымен қатар ол алдағы ойын кестесінің күрделілігіне тоқталды.
“Қарсыласқа құрметпен қараймыз. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны анық. Ең үлкен қиындықтардың бірі – жол және уақыт тапшылығы. Чемпионаттағы ойыннан кейін Албанияға шамамен бір тәулік жол жүреміз. Одан кейін елге оралып, екі күннен соң қайтадан матч өткіземіз, артынша еурокубоктағы қарымта ойын күтіп тұр”, – деді ол.
Бапкер соңғы жылдармен салыстырғанда жағдайдың өзгергенін де атап өтті.
“Бұрын мұндай кестеге бейімделгенбіз, бірақ ол кезде құрам кең болатын, ротация жасауға мүмкіндік бар еді. Қазір бірнеше ойыншымыз командадан кетті, соның салдарынан құрам азайды”, – деді Бабаян.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жас ойыншыларға үлкен жүктеме түспек.
“Қазір көп жағдайда жас футболшыларға сенім артуға мәжбүрміз. Олардың көбі мұндай деңгейге әлі толық дайын емес, бірақ жағдай оларды тез жетілуге итермелеп отыр”, – деді ол.
Соған қарамастан, клуб бапкері үмітін үзбейтінін жеткізді.
“Біз сылтау іздемейміз. Клубтың болашағынан зор үміт күтемін. Жақын уақытта инвестор келіп, құрамды күшейтуге мүмкіндік туады деп сенеміз. Конференциялар лигасына дейін кемінде екі-үш позицияны жабуды жоспарлап отырмыз. Бірақ жаңа ойыншылардың бейімделуіне уақыт қажет, ал бізде уақыт шектеулі”, – деді Бабаян.
Сөз соңында ол команданың басты мақсатын атап өтті.
“Қандай жағдай болса да, Қазақстанның намысын еурокубокта абыроймен қорғауға тырысамыз. Жанкүйерлерді қуанту үшін барымызды саламыз. Мінез, еңбек және ұйымшылдық бізді осы қиын кезеңнен алып шығатынына сенемін”, – деді «Астана» бапкері.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан