3 сағат бұрын
Қазына Норбаева: «Мақсатым – Ұлттық құраманың үздік сұрмергені болу»
Фото: ҚФФ
Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының және Польшаның «Гурник Ленчна» клубының ойыншысы Қазына Норбаева Шымкенттегі алғашқы қадамдары, «Ақтөбемен» бірге жеткен табысы және Польша чемпионатындағы легионерлік өмірі туралы әңгімелеп берді6 деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
– Үлкен футболға қалай қадам бастың?
– Мен алғашқыда Шымкент қаласы, Шыбарсу ауылында футбол ойнап бастағанмын. Мені футболға алып барып, осы ойынның қыр-сырын үйреткен – өз ағам. Сол кісінің арқасында ауылда ұлдармен бірге доп қуып өстім. Бүгінде Ұлттық құрама деңгейіне жеткенім – ең алдымен сол кісінің еңбегі. Кейінірек Шымкенттегі «БИІК» клубына бардым. Ол жерде өзіммен қатарлас, 2005 жылғы қыздармен бірге ойнап, кәсіби жолымды бастадым. Алғашқы бапкерім Алик Амидович болды.
– Бала кезде кімнің ойынын көріп өстің? Қай футболшының ойын стилі ұнайтын еді?
– Кішкентай кезімнен Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің ойындарын көріп өстім, одан бөлек Неймардың да шеберлігі қатты ұнайтын.
– «БИІК-Шымкенттен» кейінгі «Ақтөбедегі» маусымың қалай өтті?
– «Ақтөбе» мен үшін Еуропаға жол ашқан алғашқы үлкен қадамым болды. Біз ол командамен Чемпиондар Лигасында ойнадық. Шабуыл шебінде ойнағаннан кейін, менің әлеуетім ашылып, өзіме деген сенімділігім артты, батыл ойнай бастадым. Командадағы тәжірибелі, үлкен ойыншылар да маған қатты көмектесті. Ең бастысы – команданың чемпион болуына менің де еңбегім сіңді. Чемпион атанған сәтте «Міне, мен де осы команданың алтын алуына жәрдем бердім» деген ерекше мақтаныш сезімі болды. Сол командаға басында қаралымнан өтіп барған едім, басшылық пен бапкер бірден ұнатып, келісімшарт ұсынды. Өте керемет ұжым болды.
– Польшадан ұсыныс қалай түсті?
– Шынымды айтсам, Польшада басында өте қиын болды – физикалық тұрғыдан да, тіл жағынан да. Ол жақта тек өз тілдерінде сөйлеседі. Барлық жиналыстар мен жаттығу өз тілдерінде өтеді. Оның үстіне жаттығулар өте жоғары қарқында ұйымдастырылады. Мен Қазақстанда жеке өзім дайындалып жүріп, бірден мұндай жоғары деңгейлі командаға келгенде сіңісіп кету оңай болған жоқ. Өзіміздің физикалық тұрғыдан әлі де әлсіз екенімді түсіндім, бірақ уақыт өте келе қатарға қосылдым. Ол жақта жалғыз емеспін. Командамызда бір өзбек футболшы жігіт бар, оның әйелі қазақ екен. Сол кісімен көрші тұрамыз, өзара жақсы араласамыз.
– Шетелде легионер болудың қиындығы қандай? Тез бейімделдің бе?
– Ол жақтың менталитеті мүлдем бөлек. Мәселен, ойын үстінде қателік жасасаң, оған ешкім қайғырып, басып қалмайды, мүлдем мән бермейді. Жеңіліс болсын, жеңіс болсын – ойын біткен соң бәрін бірден ұмытады да, келесі жұмысқа білек сыбана кірісіп кетеді. Сонымен қатар, клубта біздің Ұлттық құрама ойыншыларына өте үлкен құрметпен қарайды. Өзімді бөтен сезінбеймін, легионер екенім де қатты білінбейді.
– Шетелден Ұлттық құрамаға келгенде қандай сезім болды?
– Басында айтқанымдай, алғашқы кезде құрамада қысылып жүретінмін. Ал қазір шетелде тәжірибе жинап, есейгеннен кейін Қазақстанға, Ұлттық құраманың жиындары мен ойындарына өте үлкен сағынышпен келемін. Бұл менің шетелдегі алғашқы клубым, Еуропадағы бірінші жылым болғандықтан, туған жерді аңсаймын. Сондықтан Ұлттық құрамаға жеткенше асығамын.
– Футболдан тыс уақытта немен айналысасыз?
– Тамақ істей алатынымнан бөлек, өлең айтатын өнерім бар. Негізі музыканы көп тыңдамаймын, бірақ соңғы кездері Әлемнің «Күйім» деген өлеңін тауып алып, үнемі тыңдап, ыңылдап айтып жүремін. Польшаға кеткелі бері құраманы қатты сағынатын болдым. Қазақстанға келіп, қыздармен араласқанда сағынышым басылғандай болады. Сол сәтте осы ән менің ішкі күйіме, командадағы қыздармен арадағы атмосфераға дәл келетін сияқты.
– Алдағы мансабыңызға қатысты қандай мақсаттар қойып отырсыз?
– «Гурник Ленчна» клубымен тағы бір жылдық келісімшартым бар. Осы бір жыл ішінде жаңа маусымға барынша жақсы дайындалып, командаға толық сіңіскім келеді. Одан кейін жаңа мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймын. Ал қазіргі басты мақсатым – клубыммен бірге Б лигасына шығып, командама және Ұлттық құрамама пайда әкелу. Ұлттық құрамадағы ең басты арманым – команданың үздік сұрмергені атану. Еліміздің, Ұлттық құрамамыздың туын көкке көтеріп, барлық тұрғыдан пайдалы болғым келеді. Қазір құрамада жасы үлкен де, жас та ойыншылар көп. Мен келесі ұрпаққа жақсы үлгі қалдырғым келеді. Бәріміз бір отбасы, бір жұдырық болып, ұлттық құраманың туын көтергім келеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Беларусь футболшысы «Каспий» сапына қосылды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан