3 сағат бұрын
«Әзірге нақты емес»: «Тобылдың» ресми өкілі Ислам Чесноковтің оралуына қатысты пікір білдірді
instagram.com/kaskyrbai_koishymanov/
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноковтің қайтадан «Тобыл» сапына оралуы мүмкін деген ақпарат соңғы күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты клубтың медиа-офицері Қасқырбай Қойшыманов әзірге ресми шешім қабылданбағанын айтты.
– Қазіргі таңда менде нақты ресми ақпарат жоқ. Мен де сіздер сияқты әлеуметтік желілердегі мәліметтерді ғана көріп отырмын. Бүгін таңертең клуб басшылығынан сұрадым. Олар келіссөздердің жалғасып жатқанын айтты. Сондықтан Ислам келді немесе келісімшартқа қол қойды деп айта алмаймын. Әзірге ешқандай ресми мәлімдеме болған жоқ, – деді ол.
Соңғы уақытта футболшыны клуб толық трансфер арқылы сатып алуы мүмкін деген ақпарат та тараған болатын. Алайда Қойшыманов мұны растамады.
– Ондай әңгімені мен де естідім. Бірақ бұл әзірге расталмаған ақпарат. Егер келісім жүзеге асса, жалға алу ма, әлде толық трансфер ме – бәрі кейін белгілі болады. Қазір нақты бірдеңе айту ерте. «Тобылдың» Исламды толықтай сатып алатын қаражаты жоқ, – дейді ол.
«Исламға психологиялық тұрғыда қиын болған шығар»
Медиа-офицердің айтуынша, Чесноковтың Қазақстанға оралуы тек футболмен байланысты шешім емес болуы мүмкін.
– Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Мүмкін жаңа ортаға бейімделуі қиын болған шығар. Жергілікті орта немесе клубтағы жағдай көңілінен шықпаған болуы мүмкін. Әрине, Исламның өзімен сөйлескен жоқпын. Бірақ сырттай бақылаған адам ретінде оған психологиялық тұрғыда оңай болмаған сияқты әсер қалдырады. Ол өз мүмкіндігін толық көрсете алмадым деп ойлаған болуы мүмкін, – деді Қойшыманов.
Ол әлеуметтік желілерде тараған түрлі болжамдарға сенбейтінін де жасырмады.
– Қазір түрлі әңгіме айтылып жатыр. Бірі отбасы себеп дейді, бірі әрі қарай Ресейге кетеді дегенді алға тартады. Мен ондай болжамдарға сенбеймін. Исламды жақсы танимын. Ол маңызды шешімдерді ең алдымен өзінің кәсіби болашағын ойлап қабылдайтын жігіт, – деді клуб өкілі.
«Команда ішінде шешуді қажет ететін мәселелер бар»
Биыл Қазақстан Премьер-лигасында күткен нәтижесін көрсете алмай жүрген «Тобылдың» қазіргі жағдайына да тоқталған Қасқырбай Қойшыманов клубтағы ахуалдың біртіндеп реттеліп жатқанын жеткізді.
– Мен де ең алдымен «Тобылдың» жанкүйерімін. Біздің клуб аутсайдерлер қатарында жүруге лайық емес еді. Бас бапкердің бір сұхбатында «алдымен команда ішіндегі мәселелерді шешіп алайық, содан кейін нәтиже туралы айтамыз» дегенін естідік. Соған қарағанда шешуді қажет ететін ішкі мәселелер бар сияқты. Медиа-офицер болғаныммен, күн сайын команданың ішінде жүрмеймін. Сондықтан барлық жағдайды толық білемін деп айта алмаймын. Бірақ бәрі реттелгеннен кейін команда бұрынғы деңгейіне қайта оралады деп сенемін, – деді ол.
«Қазір психологиялық тұрғыда ең ауыр кезең бұрыннан жүрген ойыншыларға тиіп отыр»
Қойшымановтың айтуынша, қазіргі қиындықты әсіресе клубта ұзақ жылдан бері өнер көрсетіп жүрген футболшылар ауыр қабылдап жүр.
– Команданың құрамы айтарлықтай жаңарды. Жаңадан келген ойыншылар үшін бұл жағдайдың әсері онша сезілмеуі мүмкін. Ал «Тобылдың» намысын бұрыннан қорғап жүрген футболшыларға әлдеқайда ауыр. Себебі олар клубтың бұрынғы жетістіктерін де, қазіргі жағдайын да жақсы біледі. Оның үстіне соңғы уақытта бапкерлердің ауысуы, қаржылық мәселелер жөніндегі әңгімелер де психологиялық тұрғыда әсер етпей қоймайды. Дегенмен тәжірибелі ойыншылар мұндай кезеңнен өтудің жолын біледі деп ойлаймын, – деді Қасқырбай Қойшыманов.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан