2 күн бұрын
Әч-2026: Роналду - Модрич тартысында кім жеңіске жетеді?
Фото: Fifa.com
Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты плей-офф кезеңінде тағы үш ойын өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Шілденің 2-нен 3-не қараған түні Қазақстан уақытымен 00:00-де Испания - Аустрия құрамалары шеберлік байқасады.
2010 жылғы әлем чемпионы Испания құрамасы биылғы доп додасын сәтті бастады. Алғашқы турда Кабо-Вердемен 0:0 есебімен тең ойнап, одан кейін Уругвайды 1:0, Сауд Арабиясын 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Дүбірлі додаға 1998 жылдан кейін қайта оралған Аустрия J тобында төрт ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Топтың көшбасшысы Аргентинаға 0:2 есебімен есе жіберіп, Иорданияны 3:1 есебімен жеңсе, Алжирмен 3:3 есебіне қанағат білдірді.
Қос құрама қазірге дейін тоғыз мәрте кездесті. Оның 6-уы Испания, 2-уі Аустрияның басымдығымен аяқталса, 1 кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ.
Жарыстың аталған сатысындағы тағы бір ойын 06:00-де Португалия - Хорватия арасында өтеді.
Әлем футболындағы танымал жұлдыз Криштину Роналду бастаған жігіттер топтық кезеңде аса сәтті ойын көрсете алған жоқ. Екінші орынды місе тұтты. Бір жеңіс, екі тең нәтижемен бес ұпай еншілеген олар Өзбекстанды 5:0 есебімен қапы қалдырып, Колумбиямен 0:0, Конго ДР құрамасымен 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Ал Хорватия L тобында екі жеңіс, бір жеңіліспен екінші орын алды. Алдымен Англиядан 2:4 есебімен жеңілістің ащы дәмін татса, Гананы 2:1, Панаманы 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Қарсыластар қазірге дейін он мәрте жасыл алаң төрінде шеберлік байқасты. Әзірге хорватиялық футболшылар бірде-бір мәрте Португалияны жеңе алмай келеді. Сегіз кездесуде ола қарсыласына есе жіберсе, екеуінде тең нәтиже тіркелді.
Плей-офф сатысындағы тағы бір жұпта 3 шілде күні сағат 08:00-де Швейцария - Алжир жасыл алаңға шығады.
B тобында ойнаған Швейцария Канаданы 2:1, Босния және Герцогвинаны 4:1 есебімен жеңсе, Қатармен 1:1 есебімен тең түсті. Нәтижесінде 7 ұпаймен бірінші орынмен плей-офф сатысына жолдама алды.
Оның қарсыласы - Алжир J тобында 4 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Аргентинаға 0:3 есебімен ойсырай жеңілген олар Аустриямен 3:3 есебімен тең түссе, Иорданияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Екі құрама бұған дейін бір-бірімен кездескен емес.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан