5 сағат бұрын
Футболдан әлем чемпионатында ойыншылардан жаппай допинг табылды
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде Тунис ұлттық құрамасының бірден сегіз футболшысының допинг-сынамасынан кленбутеролдың іздері анықталды, деп хабарлайды Sport12.kz
Дереккөздің мәліметінше, ойыншылардың сынамаларынан тыйым салынған заттың іздері табылғанымен, кейін жүргізілген тексеру оның спорттық нәтижені жақсарту мақсатында әдейі қолданылмағанын көрсеткен. Тергеу қорытындысына сәйкес, кленбутеролдың ағзаға түсуіне Мексикадағы команда базасында тұтынылған залалданған ет себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ футболшылардың клубтарына бұл жағдай туралы хабарланған. Алайда ойыншыларға қатысты қандай да бір тәртіптік немесе спорттық жаза қолданылуы екіталай екені айтылды.
Кленбутерол – Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген препарат. Кейбір елдерде, соның ішінде Мексикада, бұл препарат ірі қара малдың өсуін жеделдету мақсатында мал шаруашылығында қолданылуы мүмкін. Осыған байланысты бұған дейін де спортшылардың ағзасына кленбутеролдың тағам арқылы түскен жағдайлары тіркелген.
Еске салайық, Тунис құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетіп, Швециядан (1:5), Жапониядан (0:4) және Нидерландтан (1:3) жеңілді.
Турнирдегі алғашқы кездесуден кейін команда бас бапкері Сабри Лямушимен қоштасты. Осылайша, Тунис құрамасы әлем чемпионаттары тарихында алғашқы матчтан кейін бас бапкерін ауыстырған алғашқы ұлттық құрама атанды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов